Русский Сайттың толық нұсқасы

Алик Шпекбаев мемлекеттік орган жетекшілерін жауапкершілікке тартуды ұсынды

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2018
  • 3025

Жемқорлықпен күресуде салғырттық танытқан жауапты хатшылар мен аппарат жетекшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев осылай деді. Арнайы ұсыныс Президент әкімшілігі мен премьер-министрге жолданады. Өйткені білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау салаларында жемқорлық деректері азаймай отыр. Соңғы үш жылда жүйелі парақорлықтың 108 дерегі тіркелген. 320 адам жауапқа тартылды. Республикалық деңгейдегі 19, облыстық деңгейдегі 98, қалалық және аудандық деңгейдегі 152 басшы жемқорлықпен ұсталған. Былтыр мемлекетке келген 15,8 миллиард теңге шығынның 14 миллиарды қайтарылған. Бұл 88 пайыз.

 Алик Шпекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және СЖҚК агенттігінің төрағасы:

Жүйелі жемқорлыққа қарсы тиісті шара қолданбай отырған орталық және жергілікті мемлекеттік орган жетекшілерін тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде Президент әкімшілігі жетекшісі мен премьер-министрге ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылдадық. Олар жемқорлықпен күресте салғырттық танытады немесе жағдайды өзгертуге қауқарсыз. Жемқорлық жайлаған саладағы жауапты хатшылар мен аппарат жетекшілері ойлануы керек. 

Мемлекет қаржысын ұрлау мен капиталды шетке шығарудың алдын алу үшін, Есеп комитеті мен Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерімен жұмыс күшейтіледі. Сондай-ақ тендер кезінде бағаны әдейі қымбаттатуды, заманауи төлем жүйелері мен криптовалютаның жолын кесетін IT шешімдер қолдану ұсынылды.

Алик Шпекбаев жемқорлықпен күресте азаматтарды белсенді болуға шақырды. Ол үшін "Қоғамдық бақылау картасы" жобасы қолға алынған. Енді қазақстандықтар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан немесе сапасыз салынған құрылыс бойынша агенттік өкілдеріне хабарлай алады. Ол үшін әлеуметтік желіде парақша ашылмақ.