Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жолаушы тасымалдаушылардың 60 пайызы диспетчер ауыстырды

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2018
  • 3169

Шымкентте қала ішінде жолаушы тасымалдайтын көлік компанияларының 60 пайызы орталық диспетчерлік қызметтің көмегінен бас тартқан. Яғни 650-ге тарта қоғамдық көлік бір жерден бақылау жүйесінен шықты. «Южавтотранс» қауымдастығы төрағасының пікірінше, дербес орталықтың тиімділігі тәуір көрінеді. Аймақ шенеуніктері былтыр жаппай қоғамдық көлікке отырғаны есте. Содан бері бұл салада не өзгерді? Әріптесім Айзада Төребекқызы қоғамдық көлік саласындағы ахуалға  үңіліп көрді.

Шымкентте қоғамдық көліктерге жолаушыны әлі күнге дейін осылай, дауыстап шақырады. Өткені қай көліктің қандай бағытқа жүретіні кей аялдамаларда көрсетілмеген. Оны талап етіп жатқандар да  шамалы. Жолаушы тасымалы қызметінде шешімін күткен мәселе әлі де аз емес.

Өте нашар -145. Ол кішкентай Газельдер ғой, кейде бірін бірі қуалап, жарысып, сондай апатты жағдай тудырады.

Алайда, жолаушылардың мұндай талап-тілегі көлік компанияларын аса ойлантып отырмаған секілді. Оларды мазалайтыны - бағытқа шыққан әр көлік үшін диспетчерлік орталыққа жасайтын төлемнің қымбаттығы.

Қалада 1100 ге жуық қоғамдық көлік халыққа қызмет етеді, соның 60 пайызы қаңтар айынан бастап диспетчерлік орталықтың қызметінен бас тартқан.

Дархан Қаюпов,  «Южавтотранс » қауымдастығының төрағасы:

Қазір басқа компаниямен жұмыс істеп жүрміз. Бұрын айына 250 мың теңге төлесек, қазір 25 мың теңге. Ал қызмет тап сондай. Енді артылған ақшаға автобустың керек-жарағын алуға мүмкіндік бар. Орталықта бірнеше адам қызмет көрсетсе, мұнда бір адам соның бәрін атқарып отыр. Олар да GPS орната бастады.  

Шымкентте 26 компания жолаушы тасымалымен айналысады. Олардың бағытты, жүру уақыты мен қызмет сапасын диспетчерлік қызмет орталығы GPS-навигатор арқылы бақылап отырады. 10 млн теңгеге жарақталған аталмыш орталықтың 49 пайызы әкімдік еншісінде. Дегенмен, кетем деген тасымалдаушыларға тосқауыл жоқ,- дейді бөлім басшысы. 

Қуатжан Жұматаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

1-ақпанға дейін әлі бірде бір мәлімет келген жоқ бізге. Яғни ол 60 пайыз жұмыс қандай, қалай қызмет көрсетіп жатқанын біз әлі көрген жоқпыз. Ол өзінің отчетын алып келгеннің өзінде де, ол мәлімет қаншалықты шын болады. Оны біз тексеріп көру керекпіз.

Қуатжан Жұматаев, егер орталық бақылаудан тыс қалған қоғамдық көліктерге  жолаушылар тарапынан шағым түскен жағдайда, келісімшарт бірден үзілетінін жасырмады. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейік, өткен күзде сапасыз қызметі үшін екі бірдей көлік компаниясымен, сондай-ақ 10 бағытпен келісімшарт тоқтатылған болатын. Ал жоғарыда айтқан ескі және шағын автобустады алмастыру жайы таяу мерзімде шешіледі деген хабар бар. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ