Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде қыздары мектепке орамал тағып келетін ата-аналар сотта жеңіліс тапты

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2018
  • 2582

Ақтөбеде орамал дауына қатысты сот жалғасуда. Ата-аналар «қыздарымызды мектепке орамалмен кіргізбеді» деп 9 бірдей мектептің басшыларына қатысты шағым түсірген. Әзірге 8 білім ошағының әрекеті заңды деп танылды. Тағы біріне қатысты іс 14-інші ақпанда қаралады. Қолданыстағы заң ата-аналар мен білім беру ұйымдарын мектеп формасына қойылған талапты сақтауға міндеттейді. Яғни сот, мектеп директорының діни белгісі бар бас киім киіп келген оқушыны мектепке кіргізбеуі заңды, деген ұйғарымға келген. 

Гүлжаһан Бисенова, Ақтөбе облыстық соты баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:

Мектеп басшыларының әрекеті заңды деп танылды. ҚР «Білім туралы» заңының 4-ыншы бабының талабына сай, ата-аналар білім беру саласының уәкілетті органы бекіткен білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті.

Облыстық білім басқармасы басшысының дерегінше, шамамен 340 оқушы қыз тұмшаланып жүреді. Қазір олардың 162-сі орамалын шешкен. Өзге қыздардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірдің бас ұстазы ескертуге құлақ аспағандарға айыппұл салынатынын жеткізді. Сабаққа қатыспағандарды да тиісті шаралар күтіп тұр. 

Ләззат Оразбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

Үшінші тоқсанда қатыспаса, ол жалпы стандарттың бағдарламасынан қалып қойды деген сөз. Ал стандарттың бағдарламасынан қалды деген сөз - ол келесі класқа көше алмайды деген сөз. Сондықтан да осы бағытты да біз қазір түсіндіру жұмыстарын мұғалімдер, мектеп басшылары арқылы ата-аналарға түсіндіріп жатырмыз.