Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім!
Жазу-сызуға құмар жас өскіннен бастап, өмірдің белестерінен өткен азаматтарға дейін және әйел баласы да, ер кісі де – қалың қауым ауым дегенде тобыр емес, жақсы көрген, жақсы көре беретін Мұқағали ақынның осы аптада 85 жылдығын атап өттік. Мектепте жүргенде менің жанымды түсінетін жалғыз дос сияқты көрінген ақын әлі күнге дейін аз ғана адал достарымның бірі... Айгүл Ермахан оны расында білетін азаматтармен әңгімелескен еді.
«Алтын қордағы» ақынның дауысы:
Дүркіреп тұрған көктемде,
Сіркіреп нөсер төккенде,
Күркіреп жатқан бұлтты,
Найзағай шаншып өткенде
Есіңе мені алғайсың...
Ол осыдан 85 жыл бұрын қазақтың қара өлеңінің бағы үшін дүние есігін ашты.
Оразақын Асқар, ақын, мұқағалитанушы:
18 дәптер «общий тетрадь» дейді ғой соған жазған қолжазбасы бар. Соның ішінде қара өлеңді тауып алдық. Соны оқысам 5-6 шумақ аяқ жағында «Абайға тән өлең маған да тән, келсін мейлі келмесін тәржімаға, Абайдың өлеңдері оқитыным оңаша үйде отырып әр жұмада» дейді. Дұғам менің оқитын дейді қара өлеңде сондай жолы бар екен. Ал, ол Кеңес үкіметі кезінде цензура болған соң алып тастаған. Соны соған қостым жалғадым, қандай тамаша. Қорытындысын Абаймен аяқтап тұр.
Ол сезімтал адамның кеудесін кернеген, бірақ айта алмай ішіне бүккенін ақ парақ бетіне түсірді. Өлең шумақтарының әр жолынан адамдар өз ойын тапты.
Батық Мәжитұлы, «Мұқағали» журналының редакторы:
Мақатаев дегенді алып тастаса сол өлең жаңағы оқып отырған адамның сыры болып шығады. Содан кейін олар айналайын ақын саған рахмет осы сөздер көкірегімде қайнап тұр, бірақ Құдай тілді байлап тұр жеткізе алмап едім, сен жеткізіп берген екенсің ғой деп міне халықтың ақыны деген халыққа осындай қызмет жасайды. Содан кейін оны төбесіне көтеріп сыйлайды. Оның құпиясы осы-ақ. Халық ақынын ешқандай марапатпен ала алмайсың.
Ақынның шеберлігін ұштаған Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультеті де, заңгерлік пен шет тілі де, тіпті Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институты да емес. Өйткені ол өзін-өзі оқытты өздігінен білім алды. Күнделігіндегі «білімім орташа, бірақ жоғарыдан кем емес» деген үзік сыр сөзімізге дәлел.
Оразақын Асқар, ақын, мұқағалитанушы:
Москвадан кітаптар алып оқиды екен. Өзінің қайын ағасы әйелінің інісі ме, ағасы ма Мосвкадан хат жазып алдырып кітаптар алдырады екен. Орыс тіліне де өзі жетілген ғой. Шет әдебиеттер бәрін оқыған. Сөйтіп соның нәтижесінде қазақ ауылында қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ береді. Білімі жоқ. Өзін өзі үйреткен. Ал, енді кейін күнделік жазады орысша соны орыс тілінің мамандары көріп таңқалады ғой. Не деген білгіштік, біз тіпті аудара алмаймыз дейді, орыс тілінде терең білетіндіктен қазақ тіліндегі баламасын таба алмаймыз дейді ғой. Оны айтқан жай кісілер емес. Оны айтқан - Бексұлтан Нұржекеев.
Жас Мұқағалидың газетке жарияламақ болған «Ильич» поэмасын алғашқылардың бірі болып ақын Әбділдә Тәжібаев оқып шығыпты. Тамсанған ол іле –шала хат жазып, әдебиет айдынына шақырады. Тек шақырып ғана қоймай, ағалық ақ батасын берген. Қыранды қыран алыстан таныды деген осы шығар. Бірақ барлық қалам ұстаушы өйткен жоқ, әрине.
Оразақын Асқар, ақын, мұқағалитанушы:
Өлеңдері шығып жатты. Тірі кезінде 11 жинағы шықты. Ал енді бірнәрсе бар ғой адамда өзінен асып кеткен не жазса да керемет жазатын нәрселерді көре алмайды қызғанады, сонан кейін сол бірімізден озып кетпесін деп, оған кедергі жасайды, аяғынан шалады.
Қазақта ондайды «тұзы жеңіл адам» дейді. Яки, кедергіге жиі жолыққыш. Қарым-қабілетсіздігінен емес, керісінше бойындағы шын талантын көре алмағандар қаңқу сөзге жегіп қояды. Тіпті өлеңнің мағынасын түсінбегендер ақынды ақын Фаризаға ғашық етті.
Батық Мәжитұлы, «Мұқағали» журналының редакторы:
Қиыншылық кезінде «Фаризаға» деген өлеңін жазды онда негізгі айтайын дегені «жігітінен қазақтың сырлас таппай қызда болсаң мен саған мұң шағамын» - дейді қазақтың дәстүрінде жалпы қыз баламен сырласпайды. Әсіресе, ер азамат Мұқағали сияқты бір ұлттың айбыны. Бірақ Мұқаң соған барды. Ұлтымыздың жеткен жері осы. Өзім секілді бір ер азамат таба алмадым қазақтан деудің өзі ұят ғой. Бүгін болмаса ертең осыған намыстанады түзеледі деп, қайтып оянады, сонда осы сөз керек болады деп, өткір алмастай қылшылдаған сөзін артына қалдырды ой ретінде.
Демек, өлеңдері әлі де зерттеуді күтіп тұрған жұмбақ ақын. Ал, жұмбақ бірден шешілмейді. Бірақ ақынның ізін басқан інілері келешекте ақын Абайдың құпиясын ашқан Мұхтар Әуезов секілді біртуар тұлғалардың дүниеге келетініне сенімді. Айтпақшы, жуырда поэзия майталманы Айтақын Әбдіқал жыр сүлейінің көпшілік мән бермеген беймәлім қырларымен бөлісті.
Айтақын Әбдіқал, ақын, мұқағалитанушы:
Өзі қайтыс болардан 3-4 ай алдында жазған өлеңі бар:
Өзімнің есебімде биыл жасым қырықтың бесеуінде,
Сарқылып өсегің де, есебің де,
Ұйықтап кетсем жарар еді төсегімде- дейді. 45-те мәңгілік ұйықтап кетті. Ал, таң қалмай көріңіз.
Бірде ізін басқан Еркін Ібітанов інісі екеуі табиғат аясында бой жазыпты. Сонда АҚЫН қалжыңдап, "әй, Еркін, көресің мына екеуміз туған Энгельс атындағы колхоз менің атыммен аталады" деген екен. Шындығында осы бір тілеуі қабыл болды. Араға жылдар салып, колхоз «Мұқағали» ауылы атанды. Тіпті «Өмірдастан» жинағы жарық көргенде ақын алғашқы бетінде өзіне жақын жанға қолтаңбасын қалдырыпты. Датасын қойғанда өлетін күнін бегілеген.
Ал мына жазбасын оқысаң, қазіргі қауіп-қатерге толы күнді алдын-ала болжаған сияқты ма? Былай дейді: Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар, өмір бар да жауыздық та бар, мейірбандықпен, жұмсақтықпен, жауыздықты жеңуге болмайды, бір сөзбен айтқанда сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашанда адам қалыптарыңда қалыңдар...
Ақын өлгенмен, құдіреті күшті өлеңі өлген жоқ. Қазақ тірі тұрғанда өлмейді де!
Ақынның «алтын қордағы» дауысы:
Пай, пай омір!
Өтесің –ау, бір күні
Болмағандай, жүрмегендей сен де біз,
Кетеміз –ау, әй, кетеміз пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де, кезекті біз кетеміз,
Кету үшін келгенбіз...