Русский Сайттың толық нұсқасы

Электр энергиясының кейбір тарифтері қайта қаралады - Қ. Бозымбаев

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2018
  • 3449

Электр энергиясының кейбір тарифтері қайта қаралады. Бұл туралы Энергетика министрі айтты. Электр қуатының тарифтерін арзандату үшін, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылмақ. Алайда министр ол қандай тариф екенін, баға саясатының қарапайым халыққа қатысты бар-жоғын ашып айтпады. Ал аймақтардағы электр өндірісі қалай жүріп жатыр? Электр қуатынан таршылық көретін Қызылорда облысы мен өнімді сыртқа экспорттап отырған Қызылжар өңірінде жағдай қалай? Аймақтағы тілшілеріміз байланыста. Шарипа, сөз кезегі өзіңізде.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Қайырлы кеш! Қызылорда облысы жыл сайын 118 мегватт қуат тұтынады. Аймақтағы жалғыз жылу электр орталығы оның небәрі 40 мегаватын өндіреді. Тағы 10 мегаватын Жаңақорған шағын электр стансасы шығарады. Қалғанын облыс сырттан алады. Тапшылықты Жамбыл, Екібастұз, Өскеменнен тартылған электр қуаты жауып отыр.

Ал жергілікті жылу электр стансасы толық қуатқа тек жаңғыртудан кейін ғана көше алады. Қазір 28 миллиард теңге салуға дайын инвестор іздестіріліп жатыр. Электр желілерінің 70 пайызы тозған. Ол да жөнделеді. Оған қажетті 4,5 миллиард теңгені Еуразиялық қайта құру және даму банкі бөлмек.

Медет Ұсайын, Қызылорда облысының энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Бізде қазір техникалық экономикалық негіздеме әзірленіп, бұл техникалық экономикалық негіздеме бойынша Қызылорда жылу электр орталығының электроэнергия өнімділігін 250 мегаваттқа дейін және жылу энергиясын 300 гегакалорийге дейін жеткізу жоспарланып отыр.  Бұл жерде жаңа қондырғылар орнатылады. 300 шақырымға жуық электр желілерін қайта жаңғыртатын боламыз. Және 70 аса қосалқы трансформаторларды орнататын боламыз. 2019 жылдан басталады аталған жұмыстар.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Алдағы уақытта облыс энергия тапшылығынан арылмақ. Түркиялық Yildizlar Holding компаниясы қуаты 138 мегватт болатын газпоршеньді электрстансасын салуға әзір екендерін мәлімдеп, меморандумға қол қойылды. Бұл жобалар екі жыл ішінде іске аспақ. Ал жазда Шиелі ауданында қуаты 50 мегаватты құрайтын күн электр стансасының құрылысы басталады. Абзал, солтүстік өңірде электр қуаты жеткілікті ме?

Абзал Құрманкин, тілші:

Иа, Қызылжар өңірі жарықпен толықтай өз-өзін қамтып отыр. Жарты ғасыр бұрын бой көтерген жылу электр орталығы бүгінде сағатына 410 мегаватт энергия өндіреді. Солтүстік Қазақстан облысы оның тек 30 пайызын ғана тұтынады. Қалғаны сыртқы нарыққа саудаланады екен.

10 жыл бұрын кəсіпорындағы қондырғылардың тозу көрсеткіші 80 пайыздан асып түскен. Артынша жаңғырту бағдарламасы қолға алынып, осы күнге дейін 45 миллиард теңге инвестиция құйылыпты. Айта кету керек, аймақты жарықпен, жылумен қамтамасыз етіп отырған "Севказэнерго" компаниясы өндірген жарықтың басым бөлігін сатып отырса да, тапқан пайдасын жыртықты жамауға жеткізе алар емес. Мекеме өз қаражатынан бөлек, мемлекеттен жəне Еуразиялық даму мен қайта құру банкінен несие алған.

Вадим Ягодин, «Петропавл жылу орталығы-2» ЖШС бас инженерінің міндетін атқарушы:

Бізде қазір 12 пеш бар. Жаңғырту бағдарламасының аясында біз соның үшеуін ауыстырған болатынбыз. Сондай-ақ, энергия өндіретін 7 генератордың үшеуі алмастырылды. Оның біреуі резервте тұр. Қазір станция 410 мегаватт энергия өндіреді. Резервтегі генератор бұл көрсеткішті 540 мегаваттқа дейін ұлғайтуға қауқарлы.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жылу орталығы жаңғырту бағдарламасын 2020 жылға дейін жалғастырмақ. Бірқатар жылу пештері мен турбогенераторларды ауыстыру жоспарда бар. Алайда жоба сәтті жүзеге асты деп айтылғанымен, қондырғылардың 60 пайызға әлі де тозған күйінде тұр.

Абзал ҚҰРМАНКИН, Шарипа САҚТАПОВА, Данияр ӘЛІМҚҰЛ