Русский Сайттың толық нұсқасы

«Арселор Миттал Теміртау» кәсіподақ ұйымдарымен соттасты

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2018
  • 2787

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ бірнеше кәсіподақ ұйымын сотқа берді. Компания оларды өткен желтоқсан айында Қарағанды облысының шахталарында ереуілге шыққан кеншілерді қолдап, наразылық шарасын жалғастыруға үгіттеді деп айыптап отыр.

Соттың алғашқы тыңдалымы бүгін Шахтинск қалалық сотында өтті. Алайда отырысқа "Митталдың" өкілдері келмеді. Компания наразылық акциясының созылуына «Шахтерская семья», «Жақтау металлургтер кәсіподағы» мен «Энергетикалық жылыту кешені жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестіктері кінәлі деп отыр. Бұл ұйымдар кеншілердің көшбасшысы бола тұра шахтерларға ереуілдің заңсыз, әрі салдары ауыр екенін ескертпеген деп арызданған. Сөйтіп өндіріс процесіне кедергі келтірді, - деп көрсеткен. Ал кәсіподақ ұйымдары өкілдері біз ешкімді үгіттеген жоқпыз деп отыр.

Наталья Томилова, «Шахтерская семья» ҚБ төрайымы:

Біз шахталарға барып, кеншілердің мүддесін қорғаған жоқпыз. Жұмыскерлер бізге келіп, олардың құқығын қорғап, жиналыс өткізуді сұрады. Кәсіподақ болғандықтан келістік. Бірақ, оларды басқарып, ереуілге үгіттеген жоқпыз.

Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан, Шахтинск, Тентек, Ленин шахталарында мыңға жуық кенші 4 күн бойы жер астынан шықпай қойған болатын. Шахтерлар жұмыс берушіден жалақыны 100 пайыз көтеруді талап етті.