Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыға тұмау эпидемиясының алғашқы легі келе жатыр

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2018
  • 3655

Еуропада тұмау өршіп тұр. Дерттен 90-нан астам адам көз жұмған. Ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі Еуропалық комиссия мәліметінше, әлеуметтік әлсіз топтар мен қарттардың вакцина алуы азайған. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамдар эпидемия кезінде қорғануға қауқарсыз деп отыр. Қазір Еуропаның 8 елінде ауру өршіп тұр. АҚШ пен Жапонияда да науқастар саны артқан. Ал біздің елдегі жағдай қалай екенін аймақтағы тілшілеріміз анықтауға тырысты. Алматылық әріптесім Ришат Асқарбекұлы байланыста. Ришат, сөз кезегі өзіңізде...

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ия, эпидемиологиялық маусым қазан мен сәуір айларының арасын қамтиды. Бірақ мамандар көктемде тұмау таралу қауіп күшейеді деп отыр. Ауа райы құбылып тұратын Алматыда тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекция тез тарайды. Мамандарға сенсек, дәл қазір жағдай қалыпты. Былтыр осы кезеңде 113 адам тұмауын асқандырған. Биыл бұл диагнозбен небәрі 30-ға жуық алматылық дәрігерлерге шағымданыпты.

Алмаш Ахметова, Алматы қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің бөлім басшысы:

Негізі қала бойынша А типті, В типті вирустар айналымда жүр. Онымен қатар ЖИТС вирустары - аденовирусы, баквовирус, риновирусы деп айтсам болады. Маусымдық өзінің деңгейінен асқан жоқ. Апта сайын мониторинг жүргізіледі. Бірақ маусым жалғасып жатыр.

Жұқпалы дерт жұқтыруы мүмкін әлеуметтік топтарға биыл вакцина егілген. Қала бюджетінен бұл мақсатқа 87 млн теңге жұмсалды. Дәрігерлер 190 мың адамға екпе салған. Тағы 13 мың адам өз қаражатына ине салдырған. Бұл шамамен Алматы халқының 10 пайызы. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Эпидемиологиялық  ахуал кез-келген уақытта өзгеруі мүмкін. Себебі ақпан мен наурыз айлары иммунитеті әлсіздер үшін ең қауіпті кезең. Сондықтан дәрігерлер екпеден бөлек, алдын алу шараларымен сақтануға кеңес береді. Айжан, Қарағандыда биыл ешкім тұмаумен ауырмапты. Себебі қандай?

Айжан Қуаш, тілші:

Ия, Ришат, дәл солай. Мамандар оны вакцина алушылар санының көбейгендігімен байланыстырады. Өткен жылы Қарағандыда тұмауға қарсы вакцина көлемі 2 есеге артқан. Бұған дейін 90 мың адам екпе алса, былтыр 170 мың тұрғын егілген. Тұмауға қарсы екпе 6 айдан 1 жас аралығындағы сәбилер мен оқушыларға, ақ халаттылар мен қарттарға, сондай-ақ диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға тегін салынады. Бірақ былтыр діни сенімдері мен жеке ұстанымдарына байланысты 60-тай адам вакцинадан бас тартқан көрінеді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл ауруға шалдыққандар әдетте бірнеше органын зақымдайды.

Бибігүл Төлегенова, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметінің жетекшісі:

Адамда тұмау асқынса, тамақ және жүрек қантамыр жүйелерінде асқынулар болуы мүмкін. Көбінесе өкпе, созылмалы бронхит ауруларына шалдығады.

Дәрігерлердің айтуынша, аймақта вакцина салғызатындар көбейген. Мамандар оны денсаулық саласындағы соңғы жетістіктермен байланыстырады. Қарағанды облысының емханалары кешенді медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Сөйтіп, тұрғындар электрондық тіркеуге алынғандықтан, жүйе екпеге мұқтаж азаматтарды автоматты түрде анықтайды.

Айжан Қуаш, тілші:

Елімізде тұмауға қарсы екпе жыл сайын қыркүйекте басталып қараша айының аяғына дейін салынады. Оның тиімділігін ақ халаттылар жоғары деп бағалайды. Өйткені Қарағандыда дәл осы вакцинадан зардап шеккендер жоқ. Жалпы осы ауруға вакцина еккен дұрыс па? Астанадағы әріптесім Дәуренбек Бақдәулет мамандар пікірін білді. Дәуренбек.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қайырлы кеш, Айжан, қазір екпе десе үрке қарайтындар бар екені белгілі. Әсіресе ата-аналар балаларына келгенде тығырыққа тіреледі. Дәрігерлер екпе жасамас бұрын толыққанды тексерістен өткен жөн деп кеңес береді.

Жанна Аманова, оториноларинголог-дәрігер:

Мен жаппай егу жұмыстарын жүргізуден бас тартар едім. Екпе салмас бұрын қан тапсырып, талдамасын көрген дұрыс. Бәрі қалыпты боларына, екпе салмас бұрын баланың еш сырқатпен сырқаттанбағанына көз жеткізіп алған жөн. Қалай дсесе де жапа тармағай еге бастау дұрыс емес. Менің ойым осы, асықпай талдап, сараптап барып жасау керек.

Қазір жалпы ел бойынша 2 млн-ға жуық адам немесе 12,5 пайызы екпе қабылдап үлгерген. Ал, жеткіншектер арасындағы дертке дауа табу үшін Ресейден қайтарымсыз көмек ретінде «Грипго+» вакцинасының 200 мың данасы бөлініпті.

Мейірім Сұлтанова, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитеті эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы:

Осы бөлінген вакцинаның 85 пайызы, яғни 170 мыңнан астам оқушы және осал топ мүшесі егумен қамтылған. Бөлінген вакцина ол барлығына да тегін. Осы эпидемиологиялық маусымнан бастап, яғни қазан айынан бастап, халықтың 12,5 пайызы егумен қамтылған.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Мамандар қазір нақты қанша бала тұмау жұқтырғанын айтқан жоқ. Бірақ, осы тұмауға қарсы егілетін тағы да қосымша вакцина сатып алудың да қажеті жоқ дейді. Ләйлә...