Алматыда «Қыран-2018» республикалық құсбегілер сайысы басталды. Жарысқа еліміздің 10 өңірінен 60-қа жуық құсбегі келген. Олар үш күн бойы өздерінің қолға үйреткен құстарының бабы мен бағын сынамақ. «Қыран» федерациясының мәліметіне сүйенсек, мұндай сайыс мегополисте соңғы рет 30 жыл бұрын ұйымдастырылған. Турнирдің ерекшелігі де сол. Оның үстіне, бұл шараға өзге жыртқыш құстарды да қосыпты. Лашын, ителгі, қаршыға да биыл аңға шаппақ.
Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:
Рухани жаңғыру дегеніміз осы ғой. Ата-бабамыздан қалған асыл дүниелерімізді, асыл мұраларымызды жинақтау. Мына келесі ұрпаққа табыстау деген сөз. Жастарға, өсіп келе жатқан жас қырандарымызға түсіндіру. Осы мақсатта ұйымдастырдық.
3 күндік сайыстың бүгінгі бағдарламасында бүркітшілер қолға қондыру, яғни құс пен иесінің байланысын көрсетті. Ертең барлық құстың аң алу машығы тексеріледі. Ақтық сынға өткендер жарыстың үшінші күнінде түлкіге салынады. Құсбегілер бүркіті тең түскен жағдайда қасқыр аулау әдісіне де кезек берілуі мүмкін. Жарыс қорытындысына сай жеңімпаздар қаржылай жүлдемен марапатталады.