Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәскеу түбінде әуе апатынан қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2018
  • 3080

Мәскеу түбінде әуе апатынан қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ. Алайда Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Көлік министрлігінен мәлімет күтіп отырғандарын жасырмады. Өйткені бұған дейін кейбір ақпарат құралдары жолаушылар арасында Қазақстан, Әзірбайжан, Швейцария азаматтары бар деген дерек таратқан болатын. Ал бүгін қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер пайда болды. Домодедоводан Орскіге бет алған ұшақ апатына қатысты болжам қандай? Келесі материалда толығырақ.

71 адамның жаны қиылған сәт. Бейнебақылау камерасына жазылып қалған бұл кадрлар ешкімді бей-жай қалдырмады. 4 минут бұрын Домодедово әуежайынан ұшып шыққан қаралы рейс әп-сәтте тас-талқан болады. Апат алаңында мамандар жұмысы қызу. Ал Орск әуежайында мүлгіген тыныштық. Қаза тапқандардың туыстары осында жиналған. Бірі үнсіз ғана жоқтап жатса, енді бірі көз жасын тия алар емес. Қаралы тізім қолдарында. Бірақ ешкімнің сенгісі жоқ. 

Алайда тірі қалған ешкім жоқ. Қаралы хабарды естігендерге дәрігерлер мен психологтар көмектесіп жатыр. Қаза тапқандарды тану жұмысы генетикалық сараптама жасалғаннан кейін болады. Ол 2-3 айға созылуы мүмкін.

Мәскеу облысының губернаторы 1 миллион рубль төлемақы жасау жөнінде шешім шығарды. Ол Федералды заңға сай. Қаза тапқандардың туыстары сақтандыру компаниясынан 2 миллион рубль көлемінде өтемақы алады.

Қазір апат болған жерде іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Ауа райының қолайсыздығы жағдайды қиындатқан. Әуе көлігінің қара жәшігі табылды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс те қозғалды. Барлық болжам тексеріледі. Бірақ мамандар "қозғалтқышы өртенген,  жылдамдық датчигі істен шыққан, көліктің мұздануы мен ұшақ басқарудағы қателік" деген болжамдардың бірі расталуы мүмкін деп отыр.

Светлана Петренко, РФ тергеу комитетінің ресми өкілі:

Ұшақ қалдықтары 1 шақырымға дейін шашылған. Криминалистер апат алаңының ауқымы үлкен болғандықтан, заманауи техника қолданып жатыр. Ал әуеден бақылау үшін квадрокоптер пайдаланылды. Тергеушілер әуе апатының барлық нұсқаларын анықтайды.  Оның ішінде: ауа райының қолайсыздығы, адами фактор, ұшақтың техникалық жағдайы мен басқа да себептері қаралатын болады.

Бүгін радарда тіркелген мәліметтер жария болды. 1800 метр биіктікке көтерілген тікұшақ аяқасты 300 метрге дейін құлдилапты. Кейін бұрынғы биікке шыға бергенде дереу жерге құлаған. Мұның себебін мамандар анықтайды. Діттеген жеріне жете алмаған жолаушылардың көбі - Орынбор облысының тумалары. Олардың арасында жасы кәмелетке толмаған 3 бала бар. Кішісі 5 жаста. Қайғырған жұрт гүл қойып жатыр. Бүгін облыста қаралы күн жарияланды.