Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы 16 ақпанға белгіленді

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2018
  • 3405

Бүгін Таразда белгілі бизнесмен Мұратхан Тоқмадидің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті. Оған «Тұран әлем банкінің» бұрынғы басқарма басшысы, банкир Ержан Тәтішовты өлтірді деп айып тағылып отыр. Оған былтыр республикалық телеарналардың бірінде көрсетілген деректі фильмде Тоқмәдидің банкир Тәтішевті өлтіргенін мойындағаны себеп болған. Осыдан соң прокурорлардың талап арызы бойынша 13 жыл бұрынғы іске қатысты үкім күшін жойып, іс қайта тексеруге жіберілген. Сот тыңдалымына қатысып қайтқан әріптесім тарқатады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Экс-бизнесменге қатысты қылмыстық іс 78 томнан тұрады. Бұл жолы оған адам өлтірді деген айып тағылып отыр. Мұратхан Тоқмадидің өзі сот залына  жасауылмен жеткізілді.

Ол 2004 жылы желтоқсан айында аңға шыққанда көлік ішіндегі банкир Ержан Тәтішовті желке тұсынан атып, жайратып салған деген күдікке ілінді. Сот залында оқылған деректерге сенсек, оқиға Қордай ауданы Отар станциясы маңында болған.

Ілияс Есқалиев, ҚР Бас прокуратурасы бірінші басқармасының аға прокуроры:

Мұратхан Тоқмадиге кісі өлтіру, оның ішінде «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобын құру, пайда табу мақсатында жалданып не қарақшылықпен адам өлтіру» бойынша айып тағылды. Тергеу кезінде Тоқмади өзінің қылмысын мойындады. Ол аңшылық барысында «Зауэр» маркалы мылтықты қолданған. Тапсырысты кім бергені жайлы ақпарат әзірге айтылмайды.

Сот тыңдалымына айыпталушы Мұратхан Тоқмади мен оның қорғаушысы қатысты. Оларды камераға түсіруге сот төрағасы айыпталушы тараптың өтініші бойынша тиым салды. Ал прокурор мен жәбірленуші тараптан Тәтішовтер отбасының адвокаты келді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Шыны жасаумен айналысып елге танылған Мұратхан Тоқмадиге 2004 жылы банкирді абайсызда өлтірді деген айып тағылып, бір жылға сотталған. Кейін рақымшылықпен босап шыққан еді. Былтыр қазанда Алматы қалалық соты «бопсалау, заңсыз қару-жарақ алу» деректерімен оны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті. Енді сол жазасын өтеп шықпай жатып, басы қайтадан іске шатылды. Тоқмәдидің бұл жолғы ісіне қатысты алғашқы сот отырысы осы жұмаға белгіленді. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ