Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 23 "сақалды құрылыс"

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2018
  • 2472

Ақтөбе билігі "сақалды құрылыстармен" күрес бастады. Былтырғы тамыз айынан бері ісіне жауапсыз қараған кәсіпкерлердің үстінен сотқа алты шағым түскен. Олардың бірі нысанды уақытында аяқтауға міндеттеме алса, қалған бесеуіне қатысты іс әлі сот қарауында. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, Ақтөбеде құрылысы аяқталмаған 23 ғимарат бар. Оның 22-сі коммерциялық, бірі - әлеуметтік нысан. Қазір әлеуметтік маңыздағы нысан басқа заңды тұлғаға жалға берілген. Ал коммерциялық мақсаттағы ғимараттардың ең ірісі - шаһар орталығындағы «Космос» қонақ үйі. Оның иесі Гегам Асриян құқық қорғау органдарынан қашып жүр. Құрылысы тоқтап тұрған ғимарат аукцион арқылы сатуға қойылыпты. Мұндай нысандардың иелеріне қатысты талап-арыз мәселені шешуге басқа мүмкіндік болмаған жағдайда ғана беріледі. Егер құрылысты аяқтауға қаржысы болмаса, оған кәсіпкерлерге арналған қаржылық қолдау қорлары арқылы несие алуға кеңес беріледі.

Таңат Шегебаев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Біз оларға құрылысты тоқтатпау үшін «Даму» қоры арқылы аз пайызбен несие алуға болатынын айтамыз. Мақсатымыз -оларды сотқа беру емес, екі жаққа да тиімді жолды табу. Біздің кеңесімізден соң олардың кейбірі несие алуға өтініш берсе, басқалары өздері инвестор табатынын айтты.