Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей тарапы қазақстандық дарынды оқушыларды іріктеп әкетіп жатыр

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2018
  • 2737

Ресейдің жоғарғы оқу орындары Қазақстанмен шекаралас аймақтағы дарынды жастарды жаппай іріктеп алып кетіп жатыр. Соңғы кезде олар мектептерде түрлі байқаулар ұйымдасытрып, грант беріп, оқушыларды елітіп әкетуді әдетке айналдырған. Бұл өзге елдің экономикасы мен әлуетіне дарынды жастарды тегін баптап берумен тең. Осылай деген сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы ел премьеріне сауал жолдады. Мәжілісмен Білім және ғылым министрлігінің ақпаратын келтірді. Былтыр 10 мыңға жуық жас шекара асыпты. Ал, оқушыларға келсек, Павлодар облысында 2015-2016-шы жылы 3 оқушы шетелде білім алуға кетсе, 2016-2017-ші жылы олардың саны 412 оқушыға жеткен. 2 жыл бұрын Ақмола облысынан 62 оқушы аттанса, былтыр 300-ден асқан. Бұл теріскейдегі елмен шекаралас өңірдің барлығында байқалған тенденция.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

11 жыл бойы әр оқушының білім алуына үкімет 3 млн 2 жүз мың теңге қыруар қаржы бөледі. Шекаралас аймақтардың орыстілді оқушыларының көбі ҰБТ тапсыруға қауқарсыз. Себебі оның тәртіп ережелері қиын. Оған қарағанда Ресей жағы көптеген артықшылықтар ұсынып отыр. Олар онда ақысыз оқуға түсіп, бітірген соң жұмысқа тұруға кепілдік береді. Ал Қазақстанда оқу ақысы қымбат. Сондықтан шекара асуға мәжбүр.

Депутаттар мұғалімдердің айлығын ғана емес, статусын да көтеруді ұсынды. Сенат депутаты Динар Нөкетаеваның сөзінше, олар басшылары мен ата-аналардан әлі де қысым көреді. Тіпті балағаттауға да көніп жүрген көрінеді. Бұл «мұғалім» мамандығының қадірін қашырды деп санайды. Сондықтан оларды мемлекеттік қызметкермен теңестіріп, оларды балағаттағандарды арнайы жауапқа тарту керек деп отыр. Ал оқу орындарында аудио-видеоға түсеретін телефондар қолдануға тыйым салу керек деген пікірде.