Русский Сайттың толық нұсқасы

Қолға түскен қылмыстық топ мүшелерінің саны 35 адамға жетті

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2018
  • 2585

Елдің оңтүстік өңірінде құрықталған қылмыстық топ мүшелерінің саны 35 адамға жетті. Олардың дені құқық қорғау саласының өкілдері. Күштік құрылымдар бірер күн бұрын Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында арнайы операция жүргізгенін бұған дейін хабарлаған едік. Ұсталғандардың арасында Қырғызстан жоғарғы кеңесінің депутаты да бар. Бұл туралы Алматы қалалық соты баспасөз қызметі хабарлады. Бас прокуратура өкілдері де ресми мәлімдеме жасады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қылмыстық топ өкілдерінің 33-і сот санкциясымен тергеу изоляторына қамалды. Оның 3-і қырғыз елінің азаматтары. Барлық ұсталғандарға қатысты сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алу шешімі шыққан.

Бауыржан Ахметов, Алматы қалалық соты баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы:

Үшеуі қырғыз, біреуі - жоғарғы кеңестің депутаты. Қалғандары біздікі, жұмыстағысы да бар, жұмыссызы да бар. 234 бап, 3 бөлігі, 2-ші тармақша және 264 бап, 2 бөлігі, 3 бап қана қырғыздарға қатысты, ал біздікілердікі көп, әр түрлі статья бар.

Сот санкциясы негізінде 76 тінту жүргізілді. Түрлі валютада сақталған, ірі мөлшердегі ақша, зергерлік бұйымдар, құқық беретін және бухгалтерлік құжаттар, кедендік декларациялар тәркіленген. Ұсталғандардың барлығына қылмыстық іс бойынша айып тағылды. ОҚО Әл-фараби аудандық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл аймақта 13 адам сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынған. Олардың көбі кеден бекетінде басшылық қызметте болғандар.  

Оксана Лоскутова, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

Қазақстанға контрабандалық тауар Қытайдан тікелей, сондай-ақ Қырғызстан арқылы кедендік әкімшілендірудің көлеңкелі сызбасын жалған құжаттарды және төмендетілген мөлшер қолдана отырып әкелінген. Тауарлар Қазақстанның ірі қалалары мен Ресей Федерациясына жолданып отырған. Аталған деректер бойынша экономикалық контрабанда, ұйымдасқан топ, қылмысттық ұйыммен трансұлттық топ құру және оларға басшылық ету, және оларға қатысу мен парақорлық бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру басталды.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 8 бірдей ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылған. Аталмыш қылмыстық іс Бас прокурордың жіті назарында болмақ.