Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Президенті Хасан Руханиге көңіл айту жеделхатын жолдады

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2018
  • 2927

Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханиге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Президент ұшақ апатынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Қайтыс болғандардың жақындарына Қазақстан халқы мен жеке өз атынан көңіл айтты. Иранда Aseman Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортында 60 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Тегераннан Ясудж қаласына бет алған әуе кемесі таулы аумақта құлаған. 66 адамның өлі-тірісі әлі де белгісіз. Әуе компаниясы өкілдерінің айтуынша, ұшақ құлаған аумаққа жету мүмкін болмай отыр. Құтқарушылар жұмысына тау қыртысының бедерлігі мен ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Іздеу жұмыстарына альпинистер де тартылған.

Мехри Ализаде, Исфахан қаласының ресми өкілі:

Біз ұшақ апаты Семир қаласынан 180 шақырымдай жерде, Ден тауы аумағында болғанын білдік. Ондағы жол өте нашар. Оқиға болған жерге екі рет тікұшақ жібердік. Бірақ ауа райының нашарлығынан ештеңе көрінбейді. Бүгін тікұшақтар тағы да ұшады. 

Тағы бір ұшақ апаты осыдан бір апта бұрын Мәскеу түбінде болған еді. Қазір онда мамандар жұмысы аяқталып, ұшақтың 5 мыңдай бөлшегі Громов атындағы институтқа жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесінің жылдамдық құрылғысы істен шыққан. Апаттан 71 жанның өмірі қиылды.