Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда заңсыз киік аулаған топқа сот үкім кесті

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2018
  • 2391

Оралда заңсыз киік аулаған қылмыстық топтың мүшелері сотталды. Топқа жетекшілік еткен «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы 8 жылын түрмеде өткізетін болады. Тағы 3 айыпталушыға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Енді бірінің бостандығы 2 жылға шектелген. Тергеу барысында келісімге келген тағы бір күдікті сот залынан бостандыққа жіберілді. Сот кезінде мәлім болғандай, браконьерлер 2016 жылдан бері заңсыз киік аулаумен айналысқан. Бір жылда 492 киікті олжалапты. Осы әрекеті арқылы қылмыстық топ мемлекетке 745 миллион теңге шығын келтірген.Тергеу кезінде олар аулаған киіктердің мүйізін қайда және қалай өткізгені жайлы деректі айтпаған.

Бақыт Ермаханов, Орал қалалық сотының судьясы:

Тінту кезінде жол талғамайтын көліктер, яғни Ланкрузер маркалы, қарулар қаншама... 12 калибрлі. Мысалы, Тайгиреевтің үйінен 248 дана оқ, сондай оқтар алынып тұр. Киік немесе қасқыр атасыз картечьпен. Холодильниктен мүйіз шықты тінту кезінде. Киіктің еті шықты үйіндегі холодильниктен. Соған қарамастан, мойнына алмай тұр. Менің пікірімше, Галимовтың айтып тұрғаны рас. Іс бойынша толық дәлелденген деп есептеймін.

Батыс Қазақстанның үш ауданында киік атқан қылмыстық топ көршілес Атырау облысына да жорыққа шыққан. Оларға «Охотзоопром» мекемесінің аға инспекторы жетекшілік етіпті. Өзгелері жұмыссыз жүрген азаматтар.

Айта кетелік, былтыр аймақта браконьерлерге қатысты 13 қылмыстық істің төртеуі ғана сотқа жіберілді. Өйткені оларды киік аулаған жерінен айғақ заттарымен қолға түсірмесе, қылмысын дәлелдеу қиын, дейді полицейлер. Сондықтан айыппұл төлеп, оңай құтылады.