Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда монополистер жарықты дұрыс есептемегендіктен, наубайханалар шығыны 3 есе артқан

  • AstanaTV
  • 20 ақпан 2018
  • 3179

Қызылжарда наубайханалар шығынға батты. Кәсіпкерлердің айтуынша, «Севказэнергосбыт» компаниясы кәсіпорындарды жарықтың құнын қымбат тарифпен төлеуге мәжбүрлеп отыр. Дифференциалды тарифтер кезінде шағын бизнес өкілдері түнде жұмыс істеп, электр энергиясының бір киловатына шамамен төрт теңге төлейтін. Бүгінде жарықтың бағасы 20 теңгеге дейін шарықтаған. "Бар гәп есептеу әдісінде болып тұр" дейді наубайхана өкілдері. Монополистер оларды жеке тұлғалардың қатарына қосып қойған. Яғни, кәсіпорын жарықты неғұрлым көп тұтынса, соғұрлым токтың бағасы еселене түседі. Осының кесірінен кәсіпкерлердің шығына 3 есе артқан. Сондықтан кейбір кәсіпкерлер жұмысшыларын қысқарта бастапты.

Искандер Мурадов, жеке кәсіпкер:

Мен дифференациалды тарифтер кезінде жарыққа 450-500 мың теңгеден төлеп жүрдім. Қазір жарықтың шығыны 1 миллилон 300 мың -1 миллион 500 мың теңгеге дейін өсті. Мамлют ауданында қосымша наубайхана ашқан болатынбыз. Енді оны жабуға тура келді. Қазір нанның бағасы 65 теңге. Табысымыздан қағылып жатырмыз. Қызметіміз тиімді болу үшін, нанды 85 теңгеге дейін көтеру керек шағыр.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі өкілдері де мұның заңсыз әрекет екенін айтады. Кәсіпкерлер сан мәрте шағымданған соң құзырлы орган «Севказэнергосбыт» компаниясына ескерту қағазын жолдаған. Монополистер он күннің ішінде тарифті қайта есептеп, жеке кәсіпкерлердің шығынын өтеуі тиіс. Талап орындалмаған жағдайда бәсекелестікті қорғау департаменті тексеріс жұмыстарын қолға алмақ.

Наталья Шаяхметова, облыстық ТМР және бәсекелестікті қорғау департаменті басшының орынбасары:

Біз ескертуді ақпанның 14-де жібердік. "Севказэнергосбыт" жеке кәсіпкерлерді заңды тұлғалардың санатына енгізіп, жарықты есептеу әдісін өзгертуі қажет. Яғни тариф, тұтыну көлеміне қарамастан, 15 теңгеден аспауы тиіс. Егер де аталған кәсіпорын бұл талаптарды орындамаса, онда оларға қатысты тергеу жұмыстары басталады. Кінәлары дәлелденсе, олар тапқан пайдасының 3 пайызын мемлекетке төлеуге мәжбүр болады.