Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдан жыл сайын 300 тоғыз қабатты үйдің көлеміндей қалдық шығарылады - Б.Байбек

  • AstanaTV
  • 21 ақпан 2018
  • 3080

Алматыдан жыл сайын 300 тоғыз қабатты үйдің көлеміндей қалдық шығарылады. Ал мегаполисте әлі күнге дейін қоқысты қайта өңдейтін зауыт жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін жалғыз ғана полигон бар. Бұл проблемалар бүгінгі шахар әкімінің есеп беру жиынында айтылды. Қаншама жылдан бері "бас ауруға" айналып келген мәселе жақын күндері шешімін табуы мүмкін. Яғни осы жылдың жазында қуаты 550 тонна қалдықты қайта өңдеуге қауқарлы кешен іске қосылады деп жоспарланған.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

1 тамызда итальяндық технологиямен жарақталған жаңа кешенді іске қоспақшымыз. Қуаттылығы жылына  550 тонна. Осы арқылы қалдықтарды қайта өңдеуден өткізіп, пайдалы компоненттер көлемін 8 пайызға ұлғайтамыз.

Кездесуде өткен жылы атқарылған жұмыстар да талқыланды. Ақылы тұрақтар жайы мен тозығы жеткен құбырларды алмастыру мәселесі көтерілді. Жалдамалы жұмысшылар мен жұмыссыздық проблемасы, жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, әкім қоғамдық көліктердегі жол жүру құнына тоқталды. Айтуынша, жақын арада баға көтерілмейді. Сол қалпында қалады. Себебі қызмет сапасы әлі күнге төмен.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Екі жыл бұрын тасымалдаушылар тарифті көтеру қажет, жұмыс жүрісімізді ақтамайды деп шағымданған. Бірақ 5 жыл бойы шығынға істесе, бүгінге дейін тоқтап қалар еді ғой. Автобустар ауамен жүретін болмаса. Демек жасырын табыс бар. Сондықтан баға көтеру деген әңгіме болмасын. Онсыз да, қалада автобустар паркін жаңарту үшін, әкімдік тарапынан субсидия бөлініп отыр. Алдымен қызмет сапасын жақсартыңыздар.

Тағы бір маңызды мәселе - «Ескі үйлер» бағдарламасы. Әкімнің айтуынша, бүгінде қалада мұндай баспаналар саны 900-ден асады. 80 мыңдай адам 30 шаршы метрге жетпейтін шағын пәтерлерде тұрып келеді. Аталған мәселені шешу үшін жеке құрылыс компанияларын тарту қажет. Өйткені бір ғана 9 қабатты тұрғын үйді салуда 120 құрылысшы қамтылады. Осылайша бағдарлама арқылы жүз мыңға жуық жұмыс орны ашылар еді, деді Бауыржан Байбек.