Русский Сайттың толық нұсқасы

1-ші топ мүгедегі, жеке куәлігінде қолтаңбасы болмағандықтан, жәрдемақы ала алмай отыр

  • AstanaTV
  • 22 ақпан 2018
  • 3026

Павлодарлық Катерина Толмачева жеке куәлігінде қолы қойылмағандықтан, әбігерге түсті. 1-ші топтағы мүгедек үш айдан бері тиісті жәрдемақысын ала алмай отыр. Анасының айтуынша, өткен жылдың қарашасында қызының банктік картасының уақыты аяқталған. Жаңасына ауыстырмақ болғанда 2014 жылы берілген төлқұжаттағы қолтаңба жоқ болып шыққан. Мән-жайды Әсемгүл Мұхитқызы білді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

30 жастағы Катерина Толмачева осы үйдің бір бөлмесін анасымен бірге жалдап тұрады. Басқа баратын жері жоқ. Соңғы уақытта олардың басына тағы бір проблема қосылды. 2014 жылы Катеринаға берілген төлқұжатта оның қолы қойылмаған. Салдарынан 1-ші топтағы мүгедек тиісті жәрдемақысынан қағылып отыр.

Анасы Надежда Толмачеваның айтуынша, былтыр қарашада қызы Катеринаның жәрдемақы түсетін банк картасының мерзімі аяқталған. Әдетінше, жаңасын жасатуға барғанда "тосын сыйға" тап болды.  

Надежда Толмачева, анасы:

Банктегілер қолтаңбаның жоқтығынан компьютер менің сұранымды қабылдамай тұрғандығын айтты. Сондықтан жеке куәлікті ауыстыру керек деді. Мен тиісті құжаттарды жинап, тұрғындарға қызмет көрсету орталығына бардым. Қарашаның 22-сі күні бәрін тапсырдым. Бір айдан кейін келіңіз, құжат дайын болады деді. 22 желтоқсанда келгенімде, құжат әлі жоқ болып шықты. Міне, екі айдай сандалып жүрмін.

Надежда Толмачеваның айтуынша, қызы екеуі оның жалғыз 34 мың теңгелік зейнетақысына қарап қалған. Көмір, ағашы, басқа да шығындары бар. Бұған дәрі-дәрмекке кететін қаржыны қосыңыз. Жәрдемақы алмағалы ақшадан әбден тарыққан. Церебралды паралич диагнозы Катеринаға туа сала қойылған. 13 жасында талмасы ұстап, оң жақ қолы жансыз болып қалды. Сондықтан өздігінен жаза алмайды. 2014 жылы жеке куәлік алғанда құжаты қолтаңбасыз берілген. Көші-қон қызметі өкілдерінің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға мұндай жеңілдік қарастырылған. Ал куәлік алу ісінің созылып кетуінің өзіндік себебі бар.

Мадина Молдакелдинова, Павлодар қалалық ІІБ көші-қон қызметінің инспекторы:

Мөрі болған жоқ куәлігінің формасында. Толмачеваның фамилиясында құжатта «ё» деп, бұрын «ё» болмаған, қазір туу куәлігі бойынша «ё»-ны қойдық. Содан болды мәселе.

Үш айға жуық бітпей қойған іске бүгін нүкте қойылды. Мәдина Молдакелдинова 30 жастағы Катеринаның құжаттары көші-қон басқармасына түскенін айтты. Мамандар жаңа куәлікті иесіне ертең жеткізіп бермек.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ