Русский Сайттың толық нұсқасы

Қытайда жемқорлар отыратын түрме толған... «Мемлекеттік сатып алу - біздің сорымыз»...

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2018
  • 1958


Жоғары лауазымды қызметтер атқарған, кейін парамен, жемқорлық фактісімен ұсталғандар отыратын Бейжіңдегі Циньчэн түрмесінде орын таусылған. «Коммерсант» South China Morning Post (SCMP) басылымына сілтеме жасап жазды. Мәліметті түрме әкімшілігінің қызметкері берген. Түрменің «аузы-мұрнынан» шыққаны сонша, ондағылар кішкентай қуанышынан айырылған – қытай жаңа жылына байланысты отбасымен кездесіп, бірге тамақтану қуанышынан. Қытайда коррупциямен күрес жандана түскен – наурызда бұрын ешкімде болмаған өкілеттіктері бар Ұлттық қадағалау комиссиясы құрылады. Сондықтан түрмедегілер одан әрі сығылыса бермек...   

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаевтың сотында оның әйелі «күйеуім кадр таңдауда қателесті, сенгіштігі мен аққөңілдігін көп адам пайдаланып кетті», дейді... Ал осы қылмыстық іс аясында айыпталған тағы бір тұлға – Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлы Асланның адвокаттарының есебінше, Аслан сот залынан босатылуы керек. Себебі ол тергеуде отырған жылдар ішінде өз жазасын алған көрінеді. Бір айта кетерлігі, 2016-шы жылы айыпталушының үйін тінту барысында қару-жарақ табылған. Адвокаттың сөзінше, оның жартысы А. Жақыповтың өзіне сыйға тартылған болса, қалғаны - әкесі депутат Қабиболла Жақыповтың аңға шығатын қару-жарақтары. -Сондықтан тінту барысында алынған анасына тиесілі 160 мың доллар мен 20 мың еуроны және ата-анасының ақшасына алынған пәтерді, сыйға берілген қару-жарақтарын, жер учаскесін қайтарып беруіңізді өтінеміз, -деген адвокаты. Прокурор Аслан Жақыповты пара алу бойынша кінәлі деп тауып, 2,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. 

Ал Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев «Мемлекеттік сатып алулар - біздің сорымыз» деді, Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде. Айта кететіні, былтыр осы министрліктің мемлекеттік кірістер комитетінің 65(!) қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Мемлекеттік сатып алу деген - біздің сорымыз. Сондықтан оны ашық әрі қолжетімді ету - мемлекеттік кірістер комитетінің міндеті. 2018 жылы осы бағытта қордаланған сұрақтарды түбегейлі шешу қажет. Бірақ мәңгі ештеңе жоқ. Біздің халық "талантты". Тағы да жаңа бір құйтырқылық ойлап табады. Дегенмен біз бюджеттік қаржылардың тиімді қолданылуын бақылауда ұстау үшін, тиісті шараларды атқарып, бір қадам алда болуымыз керек.

Халық талантты екені рас. Бірақ мына контекстте халық емес, бюджеттен қарпып жеуді үйренгендер деу керек еді. Бұл жерге халықтың қатысы жоқ. Керісінше, халықтың ақшасы желініп отыр.