Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралхан Бөкейдің «The Man-Deer» деп аталатын шығармалар жинағы тұңғыш рет ағылшын тілінде басылып шықты

  • AstanaTV
  • 23 ақпан 2018
  • 4933

«The Man-Deer». Қазақтың біртуар қаламгері Оралхан Бөкейдің осындай атаумен ағылшын тілінде шығармалар жинағы тұңғыш рет басылып шықты. Бүгін Астанада ерекше кітаптың тұсауы кесілді.

Шараға белгілі жазушылар Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбаев пен жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы қатысты. Сондай-ақ кітапты аударған Саймон Холлингсворт пен Саймон Геген Лондоннан арнайы ұшып келген. Бұл игі іске халықаралық Қазақ ПЕН клубы бастамашы болған. Ұйымның президенті Бигелді Ғабдуллиннің айтуынша, басты мақсат - қазақтың әдебиетін дүниежүзіне таныту. Осы уақытқа дейін Мұқағали Мақатаевтың «Таңдамалы өлеңдері», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» мен Олжас Сүлейменовтың «Код слова»  шығармасы ағылшын тіліне аударылған. Әлем оқырмандарына жол тартқан дүниелердің арасында Әбіш Кекілбаевтың, Герольд Бельгер мен Смағұл Елубайдың кітаптары да бар. 

Бигелді Ғабдуллин, Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті:

Қазақ  әдебиетін әлемге танытудың бір ғана жолы бар - оны ағылшын тіліне аудару. Сен жазушы ретінде ағылшын тілінде кітабың шықпаса, сен дүниежүзінде жоқсың. Бұрын Кеңес одағы тұсында қазақшадан орыс тіліне, сонан соң барып басқа тілдерге аударылатын. Ал қазір бірден ағылшын тіліне аударып "Амазон" сайтына салынады, содан әрі дүниежүзіне таралады.