Русский Сайттың толық нұсқасы

Балаға қол жұмсаған әкімге қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2018
  • 3350

Балаға қол жұмсаған әкімге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал Ақмола облысының әкімдігі шенеуніктің мәселесін тәртіптік кеңесте қарап жатыр. Әкім жұмысын ары қарай жалғастыра ма, жоқ па - осы жиыннан соң белгілі болмақ. Қаршадай баланы білдей бір ауыл әкімінің сабағаны туралы ақпарат қазір қызу талқыға түсіп жатыр. Мемлекеттік қызметте жүрген адам не себепті бүлдіршінге қол жұмсады? Ауыл әкіміне тағы қандай айып тағылып отыр? Мән-жайды тілшіміз Диана Сапарқызы айтып береді.

Қорғалжын селосының әкімі Жанат Омаровқа қатысты "кәмелеттік жасқа толмаған балаға зиян келтіру" бабымен ішкі істер қызметкерлері тексеру бастады. Ал, балалар құқығы бойынша уәкіл Зағипа Балиева істің мән-жайын екі аспекті бойынша қарап зерттемек. Яғни балалардың өзара жанжалы бір бөлек оқиға. Ал, екіншіден, әкімнің балаға қол жұмсауын жеке қарамақ.

Зағипа Балиева, ҚР балалар құқығы бойынша уәкіл:

Әкім міндетті түрде жауапқа тартылады. Сол істің қорытындысы шығарылған кезде қандай болады екен. Қылмыстық Кодекстің 107 бабы бар. Соған сәйкес қазір іс қозғалды.

Оқиға балалар арасындағы ерегістен басталған. Диас Мұқанның анасына мектеп директоры хабарласып, баласының шенеуніктің ұлымен шекісіп қалағанын айтады. Артынша, Айгүл Бекжанова перзентінің естен танып қалғанын, жедел жәрдемнің алып кеткенін айтады. Яғни әкім интернатқа барып, Диасты тепкінің астына алған көрінеді. 

Айгүл Бекжанова, Диастың анасы:

Оң қолмен сол жақ бетін ұрған. Сол кезде орындықпен қоса құлағанда тумбочкаға басы тиген. Ары қарай бала уже білмейді. Одан кейін құлап жатқан столды орындықты айналып өтіп баланың басынан үш рет тепкен. Төртіншіден денесіне қарай тиген.

Дәрігерлердің айтуынша, Диастың миы шайқалған. Сол жақ иығынан қатты соққы алғаны анықталып отыр. "Қазір баланың жағдайы орташа ауыр" деп мәлімдеген мамандар Диас әлі бір апта ауруханада емделуі тиіс деді. Үйге шыққан соң да невролог дәрігердің бақылауында болмақ.

Ұлықбек Асылбеков, Астана қаласы №2 емхананың балалар нейрохирургы:

Баланы үлкен кісі соққан. Түскен кездегі шағымы бас ауырады, жүрегі айниды. Бала құсқан. Есінен танған соғылған кезде. Ультрадыбыстық тексерулер жасалды ішкі құрылысына. Рентген сәулесімен тексерулер жасалды. Одан кейін миына компьютерлік томография жасалды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Осы оқиғадан кейін депутат, әрі балалар құқығы жөнідегі уәкіл Зағипа Балиева бүкіл мектептерге балалардың құқығы жайлы кітап таратылатынын айтты. Яғни барлық 7400 білім ошағында арнайы құқықтық бағдарлама сабақ ретінде жүргізіледі. Сонымен бірге, бұл жағдайды соңына дейін бақылауда ұстайтынын баса айтты.