Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс сайлауына партиялық тізімдерді тіркеу аяқталды

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2016
  • 1563

Бүгін Мәжіліс сайлауына партиялық тізімдерді тіркеу аяқталды. Ертеңнен бастап саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастайды. Үгіт шаралары 18 наурыз күні сағат 24.00-де аяқталуы тиіс. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлімдеді. Сайлау комиссиясы 234 кандидаттан тұратын алты саяси партияның тізімін тіркеді. Үміткерлердің 187-сі немесе 80 пайызы ер адам, 47-сі немесе 20 пайызы әйелдер. 233 кандидаттың жоғары білімі бар.

Төраға  өз сөзінде сайлау заңнамасындағы үгіт науқанын жүргізуді реттейтін ережелер туралы айтып өтті. Қандай да бір тұлғаның суретін пайдалану арқылы сайлауалды үгіт-насихат жүргізу оның жазбаша рұқсатымен ғана жүргізіледі. Сондай-ақ, баспа материалдарында сол материалды шығарған ұйым, басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қаражат қайдан төленгенi туралы мәлiмет болуы тиiс. Және үгiт-насихат материалдарын Қазақстан аумағынан тыс жерлерде дайындауға тыйым салынған. Қуандық Тұрғанқұлов бұл шараға жұмсалатын қаржы көздерін де түсіндіре кетті.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Сайлауға қатысатын 6 саяси партияның сайлау қорына 519 млн 132 мың теңге түсті. Саяси партиялардың үгіт-насихат шаралары осы қаржы есебінен жүргізілуі тиіс. Сайлаушыларға тегін немесе жеңілдіктер бойынша тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынуға, ақша беруге немесе оны беруге уәде етуге тиым салынған. Лотерея мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруға болмайды. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА