Өскеменде бүгін трамвайлар жұмысын тоқтатты. Өйткені «Шығысэнерготрейд» компаниясы паркті энергиядан ажыратты. Оған себеп - тасымалдаушы мекеменің электрэнергияға қарызы 70 млн тенгеге жеткен. Бұған дейін энергетиктер таңғы 10-нан кешкі 5-ке дейін ажырататындарын айтып, ескерту хабарлама жолдаған. Олар мұндай шектеуді қарыздан құтылғанға дейін жалғастыратындарын да жеткізген. Алайда трамвай паркі директорының сөзіне сенсек, мекеме есеп-шотының бұғатталуынан энергетиктермен есептесе алмай отыр. Ол «Шығысэнерготрейдпен» күн сайын келіссөздер жүргізгенімен, әзірге бір мәмілеге келе алмағанын айтты.
Анатолий Успенский, «Өскемен трамвай паркі» ЖШС директоры:
Екі шағын стансаны өшіретіні туралы телефонограмма келген. Барлығын өшіреміз деп ауызша айтып жатыр, бірақ ешкім ашып ештеңе айтпайды. Бұл қарызды біз қолдан қордалаған жоқпыз. Ол соңғы алты жылдан бері шоттың бұғатталуынан туындаған мәселе.
Трамвайлар тоқтаған соң қалалық әкімдік бұл бағыттарға қосымша автобустар шығарды. Сондай-ақ, «Ертіс» трамвай паркін муниципалды меншікке сатып алуға әрекет жасап жатқандарын айтты. Қалалық тасымалдаушының банк пен салық алдындағы қарызы жарты миллиард теңгеден асады екен. Қаржылық құрылым таяу мерзімде парк активін сауда-саттыққа шығармақ. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағылар парктің әрі қарайғы жұмысын жақсарту бағытында қазір бұрынғы Алматы трамвай паркінен 118 млн теңге тұратын 13 вагон сатып алынғанын айтты. Олар Өскеменге жақын күндері жеткізіледі.
Антон Крамаренко, «Ертіс ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:
Жалпы айтып отырған қарыз көлемі жарты миллиард теңгеден асады. Бұл жерде банк мүдделі болып отырған сомма 400 млн теңге, сол ақшасын қайтарғысы бар. Трамвай паркінің мүлкін сатуға қатысты процедура баяу жүруде. Мұнымен кәсіби сот орындаушылары айналысып жатыр. «Ертіс» ӘКК сол сауда-саттыққа қатысуға ақша бөліп отыр, сол мүлікті сатып алып қалу үшін.