Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 50-ге жуық жұмысшы бірнеше ай бойы жалақы алмаған

  • AstanaTV
  • 01 наурыз 2018
  • 3191

Ақтөбеде 50-ге жуық жұмысшы бірнеше ай бойы жалақы ала алмай жүр. Олар мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған көп қабатты үйдің әрлеу жұмыстарын жүргізген. Мердігер компания ақшамызды бермей сандалтып қойды деп ашынады жұрт. Алайда серіктестік басшыларының да өз уәжі бар. Тараптардың пікірін Жақсыбек Кемал тыңдап келді.

Баспананың құрылыс жұмыстарына қосалқы мердігер компания арқылы тартылған жұмысшылар, үйдің қабырғаларын сылап, әктеп, есіктеріне дейін қондырдық, дейді.

Тапсырыс берушілер келісім бойынша баспананың әр шаршы метрі үшін 650 теңгеден төлеуге келіскен. Бірақ екі айдан бері маңдай терімізбен тапқан ақшамызды ала алмай жүрміз, -дейді жұмысшылар. Амалы таусылған олар енді мердігер компанияның табалдырығын тоздырумен жүр.

Бақтыгүл Жұбанышбайқызы, жұмысшы:

Бір ай болды бітіргенімізге. Ақша ала алмай жатырмыз. Әне болады, міне болады деп. Осы тұрғанда айтып тұр тағы басқаша, оның үстінен 20 процент ұстаймыз деп. Андай-мындай мелочь жұмыстар қалды деп. Шынын айтқанда біз жуып, терезеге дейін, полына дейін жуып, тазалап кеттік.

Жасұлан Сексенбаев, жұмысшы:

Әр бригадада 5-6 адамнан бар. Білмеймін енді не істейтінімізді. Линолеум жайылып тұр, енді іші, бәрі тап-таза.

Дегенмен бас мердігердің уәжі бар. Айтуынша, жұмыс сапасыз атқарылған. Оны қалпына келтіруге уақыт берген едік, алайда жұмысшылар бәрібір міндетін ойдағыдай орындамады дейді.

Қанат Көшекенов, бас мердігер компания өкілі:

Мен тұрғындарға үйді көрсеткенде ұялмауым керек. Қабырғалар тегіс, ешқандай олқылық болмағанын қалаймын. Мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалды, тұрғындарға сапалы баспана тұрғызуға тиіспіз. Егер жұмыс 100 пайыз істелсе, 100 пайыз төленеді.

Серіктестік басшылығы осылайша «әрлеу жұмыстарындағы олқылықтар жөнделсе, жалақыларын бірден төлейміз», деп сендіреді. Айта кетейік, мердігер компанияның жұмысшыларға берешегі 4 миллион теңге шамасында.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жас отбасыларға арнап салынған баспана мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген. Ал, жұмысшылар ақысын даулап жүргенде, тұрғындардың алды бұл үйге қоныстанып та үлгерген.

Жақсыбек КЕМАЛ