Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында қол-аяғы істен шыққан мүгедек шахмат ойнауды үйретіп келеді

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2018
  • 3762

Алматы облысында 31 жастағы мүгедек шахмат ойнауды үйретіп жүр. Талғар қаласында тұратын Алексей Вершинин бүгінде 140-қа жуық адамды интеллектуалды ойынға баулыпты. Төсекке таңылғанына қарамастан, 9 жылдан бері дәріс өткізеді. Кемтар жанның көпке үлгі болған кәсібімен Олжас Нұржақып танысып қайтты.

Алексейді әкесі жастайынан шахматқа баулыған. Кейін ұстаз жалдап кәсіби тұрғыда үйренгенін айтты. 10 жасында «Аяқтардың парапарезі» дейтін ауруға шалдыққан. Сол кезден бастап үйренгенім бар үмітіме айналды дейді.

Алексей Вершинин:

Құр жата берсең, өз-өзіңді іштей жеп, ата-анаға масыл боласың. Түңілесің. Тағдыр сынында сынбау үшін, қалай да қоғаммен араласу керек болды. Осы кезде шахмат үйірмесін ашу ойыма келді. 6 жасымнан шахматты жақсы меңгергендіктен, бір жағынан нәпақа, екіншіден, байланыс болатынын сездім. Анаммен ақылдасып, ауладағы көмір сарайын көпке пайдалы клубқа айналдыра бастадық. Қажет жабдықтарды алып, дайын болғанында хабарландыру бердім.

Бірақ Алексей, бастапқыда төсекке таңылған мүгедек екенімді естігенде, тұтқаны тастай салатын, деп еске алды. Кейін адамдар бір-біріне айтып, үйренушілер келе бастаған. Қазір оның 4 жастан бастап 70 жасқа дейінгі шәкірттері бар. 

Тина Кенжеғали, мектеп оқушысы:

Алексейдің арқасында мен көп пайда алдым өмірімде. Біз шахматты жақсы ойнайтын болдық. Көптеген жетістіктерге жеттік. Бұл жерде әрқашан көңілді. Неше түрлі ойындарға табынамыз. Және де әрқашан шахмат ойнауды үйренеміз.

Наталья баласы, төсекке таңылса да, "тіршілігімізді түзеуге сеп болып отыр" деп мақтан тұтады.

Наталья Вершинина, Алексей Вершининнің анасы:

Қимылсыз жатса да, ең көп көмекті ұлымнан көріп отырмын. Тіпті басқа ата-аналар қол-аяғы бүтін балаларынан мұндай демеуді көрмеген шығар. Ол семьямызды асырап отыр. Кейде маған «ана, шахмат болмаса, есімді жоғалтып, өмірден үміт үзер ме едім» деп те айтып қояды. Үйірмеге бір келген адам онымен тез тіл табысып, келесі күнгі дәріске қайта келуге асығып тұрады.

Алексейдің шахмат үйірмесін ашқанына 9 жылға жуықтаған. Осы уақытта 140-қа жуық адамды баулыған. Ендігі арманы - шәкірттерін үлкен турнирлерге бақ сынауға дайындау.

Алексей Вершинин:

Шәкірттерімнің жетістігін көрсем, біліктілігін дәлелдесем деймін. Одан әрі шахмат мектебін ашып, интеллектуалды ойынның ілгерілеуіне, кішкентай да болсын, үлес қосқым келеді.

Алексейдің арманы асқақ. Шешендік өнерді де қолға алмақшы.

Олжас НҰРЖАҚЫП