Төмен жалақы алатындардың кірісін көбейту көптеген кәсіп түрлерінің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Жұмыс берушілердің пікірі осындай. Олар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында айтылған "10 пайызға дейін салықты азайтуға қатысты" ұсынысын қолдайды. Бүгінде қара жұмыс істеуге ниет білдіретіндер қатары аз. Басты себеп - жалақының аздығы. Әрптестерім 60 мың тенге айлық алып отырған азаматтармен, жұмыс берушілермен және сарапшы мамандармен тілдесіп қайтты.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Жұмыс күші негізінен ауыл шаруашылығы, ағаш өңдеу өнеркәсібі сынды салаларда жеткіліксіз. Оған еңбек ақының аз төленуі себеп. Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында көрсетілген салықты жеңілдету мәселесі жұмысшылар үшін де, жұмыс беруші үшін де тиімді болары анық.
Роман Мошенский - қарапайым жұмысшы. Жоғары білімі болмағасын, жалақысы мол жұмысқа орналасу мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан ай сайын алатын 50-60 мың тенгені қанағат етеді.
Роман Мошенский:
Президент айтқандай, еңбекақымыздан салық аз ұсталатын болса, біз үшін тиімді болар еді. Оқып, білім алғым келеді, университетте оқуым үшін қаражат жинар едім.
Ағаш өңдеу өнеркәсібінде жергілікті адамдар еңбек етеді. Жұмыс ауыр, жалақы аз. Сондықтан маман тапшы. Жұмыс берушілер жаңа бастаманың арқасында мәселе шешіледі деп үміттенеді. Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың мәселесін шешуге де сеп болар еді. Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, 500 мыңға тарта адам өзін өзі қамтығандар. Жартысынан астамының табысы 60 мың теңгеге жетпейді. Ал 20 мың азамат еш жерде тіркелместен, келісімшартсыз жұмыс істейді.
Назира Сейдуллаева, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
Табыс төмен, сондықтан көп азаматтар әлеуметтік төлемдерді аударуға қиналады. Ұсынылған жұмыстың жалақысын азсынып, бас тартқан фактілер де бар. Салық төлемдеріне жеңілдік жасалса, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берер еді. Табысын жасырмай, зейнетақысына ақша аударып, тіпті медициналық сақтандыру қызметін қолданудың да қамын жасар еді.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Аймақта былтыр 93 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, биыл тағы 90 мың адам орналасады деп жоспарланған. Мамандар екі қолға бір жұмыс табатындар саны бұдан да артуы мүмкін деп отыр. Бес әлеуметтік бастамада көтерілген салықты азайту, сарапшылар пайымынша, өте батыл қадам. Алматылық әріптесім мамандардың болжамын бағамдап көрді. Олжас, сөз өзіңде.
Олжас Нұржақып, тілші:
Иә, Айзада, президенттің төмен жалақы алатын азаматтардың салық жүктемесін азайту туралы бастамасы өте батыл қадам, дейді сарапшылар. Оған сәйкес, тапқан табыстың 10 пайызы ұсталмай, тек бір пайызы ғана алынады. Қалған 9 пайыз қаражат еңбекақыға қосылады.
Яғни 60 мың теңге алатын жұмысшының жалақысына қосылған сол 5-6 мың кәдімгідей көмек болмақ. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, 10-15 пайызға еңбекақыны көтергеннен осы бағыт әлдеқайда тиімді көрінеді.
Мақсат Халық, сарапшы:
Жұмыскерлердің, еңбекақы алатын азаматтардың айлығын өсіру үшін қосымша қоғамға ақшаны басып шығаруды талап етеді. Бұл белгілі бір дәрежеде қымбаттауға, ары қарай инфляцияға бағаның құнсыздануына әкеп соқтырады. Сондықтан да бұл жерде қадам былай болып тұр: мемлекет өзіне кіріс болып келетін салықтың көлемін азайтады. Бірақ, осының негізінде қалған қаражатты сол әлеуметтік жағдайы төменірек азаматтарға қайтарып береді. Сонда белгілі бір дәрежеде әлеуметтік маңызы бар жағдай деп айтуға болады.
Олжас Нұржақып, тілші:
Табыс
салығының салмағын азайтудағы тағы бір мүмкіндік тасадағы қызметкерлердің
көлеңкеден шығуына септігін тигізуі. Яғни бұрынғыдай хатқалтамен айлық ақысын
алып жүрген азаматтарды заңды түрде жұмысқа тіркеу белең алуы мүмкін. Әрине,
толықтай емес. Белгілі бір деңгейде, дейді маман. Осылайша, бұл бастама
елдегі әлеуметтік мәселені тұрақтандыруға сеп болмақ.
Олжас НҰРЖАҚЫП