Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өлгендер қайтып келмейді»...

  • AstanaTV
  • 20 ақпан 2016
  • 3804

Соңғы кездері «ақысына адам жоқтап беру» деген құлаққа түрпідей тиетін қызмет кеңінен пайдаланылатыны ашық айтылып жүр. Біздің қызылордалық тілші сондай қызмет көрсететін әйелдерді тапты. Бірақ олар сөйлесуден қашты... 

«Халық арасында ақшаға жоқтап беретіндер  туралы естіп жатамыз. Бұл дұрыс емес. Өзіне қатысы жоқ адамды жоқтауға жалдану тіпті әртістердің әрекетіндей ерсі көрінері анық. Қайтыс болған кісінің артынан жоқтау айтқанның орнына ол кісінің атынан, мүмкін болса, садақа беріп, Құран оқытқан сауап болады», – деген Қызылорда қаласындағы Айтбай мешітінің бас имамы Нұржан.

Сондай-ақ, қалтасы көтермесе де несие алып/тағы да сол несие алу/, «ас та, төк» құдайы тамақ беріп жататындар бар. Ал ғұрыпқа байланысты қызметтер арзан емес. Мысалы, Алматыда осы қызметте жүргендер алдағы көктемде құлпытастардың бағасы 25 пайызға көтерілетінін айтты. Бірақ камера алдында сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Құралай Пионердің«Өлгендер қайтып келмейді» деп айдар таққан арнайы репортажы.

Мұнайдың құлдырауы, доллардың шарықтауы, жалпы тұрмыстың қиындауы – алайда бәз-біреулер мұны шектен тыс пайдаға асырып жатқандай. Мәселен, осы аптада Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жерлеу рәсіміне қажетті заттар мен қызмет ақысының қымбаттап жатқанын мәлімдеді. Басшының дерегінше, бұл сала бірден 15 пайызға өсім көрсеткен.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

«Жерлеу рәсіміне қатысты қызмет ақысының 15 пайызға артқаны несі? Бұл ақылға сыймайтын жайт қой! Оған не, соншама сұраныс артып жатыр ма екен? Біреудің басына түскен қайғыдан ақша жасаған дұрыс емес. Бұлай болмайды!».

Әкім «болмайды» деп бас шайқағанымен, оған көндіге қоятын саудагер жоқ шығар әсте. Тіпті Алматыдағы құлпытастар сатылатын орталықтарда 1-ші наурыздан бастап, баға 25 пайызға көтеріледі екен. Тек мұны камера алдында тас саудасын қыздырғандар ашып айтқысы жоқ.

- С первого числа подражать будет?

- Будет подражать! 25% сразу!

Әрі қазіргі бағасы да анау айтарлықтай арзан емес екен.

- 39 да. Сейчас посмотрю! 180!

- 180?  Что за камень?

- Тоже наш.

- Если я 1-го числа приеду не будет подражать?

- Я же вижу, для вас не будет подрожать. Девчонки тебе поставят цены 200.

Тас сататындар бағаны өсуіруге  мәжбүр-мыс. Себебі доллар көтерілгеннен бері құлпытастар жасауға қажетті материалдардың да ақысы артқан. Қазір Қытай мен Украинадан әкелінетін гранитқа сұраныс азайыпты.

Сөйтіп өзгенің қайғысынан ақша табатындардың «шығын» көріп жатқан жайы бар екен. Құлпытастың  бағасы бүгінде шамамен 60 мыңнан 300 мың теңгеге барады.  

Виталий Студенихин, кәсіпкер:

Қазір жұрт ұнтақтан, декоративті бетоннан, мәрмәрдан жасалған, яғни арзан тастарды алып жатыр. Жалпы, тастарға деген сұраныс екі есе түсіп кетті. Табыстан қағылмас үшін Қытай мен Украинаның қымбат шикізатынан уақытша бас тартып отырмыз.

Дағдарыстың әсері табыт сату саудасына да біршама тиген-ді. Мысалы, Қызылжардағы мына шағын цехта оның 30-ға жуық түрі әзірленеді. Бірақ соңғы уақытта бағалы ағаштан жасалған тауарларға сұраныс азайған екен. Астанадағы жерлеу рәсіміне қажеттіні саудалайтын дүкендер де осындай жағдайдамыз дейді.

Алена, сатушы:

Бұның барлығы тауарды жеткізушілердің ақысына байланысты. Егер олар бағаны өсірсе, біз де өсіреміз. Оған мәжбүрміз.

Иә, ғұрыпқа қатысты тауар мен қызметтің қашаннан саудасы қызу жүретіні аян. Дағдарыстың әсері болсын, болмасын. Той секілді оның да өзіндік жарысы бар. Қабыр басына құлпытастың ең қымбаты, әрі биігі қойылса, ас беруде де дастархан молынан болса деген пенденің тілегі. Тіпті үйде емес, мейрамханада өту қалыпқа айналған. Жоқ болса, қарыз-несие де алып, көңіл айта келгендердің көңілін тауып жүргендерді  имамдар да көрген.

Ершат Ағыбайұлы, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ғұламалар кеңесінің хатшысы:

Мәйітті жерлеу барасында көптеген ысырапкершілікке де барып жатады. Шариғат талап етпеген. Астамшылыққа барып, кейбір жағдайда тіпті қатарда қалмаймыз деп қарыз алып, кредит алып, ас та төк ас беріп жатады. 

Мұсылман жолында марқұмының артында қалған ұрпақтың, туған-туысының 4 міндеті ғана атқаруы тиіс. Олар – жуындыру, кебін кигізу, жаназасын оқу және қабірге қою. Ал ас беру ат терлетіп, алыстан көңіл айта келген кісілер үшін ғана әзірленеді. Өзгесі шариғатта ысырап деп танылады.

Ержан Қажы Малғажыұлы, бас мүфти:

Жалпы исрафқа жол бермеу керек. Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап жасамаңдар дейді. Бүгінде біреудің жақыны қайтас болып жатса, дастархан мәзірінде өте жарыс болып кетті. Қымбат дүниелер қою, қымбат тағамдар қою. Осының барлығы үлкен ысырапқа алып барады.

Дегемен, бүгінгі қоғамда «ас та, төк»  ас беру өз алды, марқұмның артынан шектен тыс мадақ айту қағидаты да пайда болды. Ерсі әрекет, бірақ оны ескеруге даңғазалық ерік берер емес. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова осыны көңілі әсте қаламайтындардың бірі. Оны өзі де, бір кісідей сезініп көрген. 

Зейнеп Ахметова, Бауыржан Момышұлының келіні:

Білесіз бе, осының өзі жақынынан айырылып, қаралы болып отырған отбасыға екі есеге салмақ түсіреді. Мен соны білдім. Өйткені ол менің басымнан өтті. Бәкеңнен, отағасынан айырылған кезде, мүмкін керек те шығар, кітапқа, газетке естелік ретінде жазған. Бірақ сондай еді, мұндай еді деген сөз жүрекке өте ауыр тиеді екен.

Қазақ қоғамында  жерленер жерді алдын ала алып қою да бар әдеттің бірі. 11 жылдан бері Шымкенттегі қорымның бірінде шырақшы Қуанышбек Балтанов жер алғандарды талай көрген. Түйген ойы - орын дайындау жөн емес. Тіпті жаман ырым. 

Қуанышбек Балтанов, шырақшы:

Кемпірі кеткен соң шалға орын қалсын деп белгілегендері болды. Сөйтіп, ешкімді қойып қойма деп сұраныс жасады. Мақұл дейміз. Кейбір жағдайда сол адамға бұйырып, кейбір аралықта оның басқа жас баласы, жақын кеткен жағдайлар да болды. Сондықтан жерді алдын алған сәл дұрыс емес пе деп ойланам.

Тізбектей берсең жерлеу рәсіміне қайтысты ескерте айтар жайт көп-ақ. Соның бірі - жоқтау жайында. Бүгінде оның да ашық бизнеске айналғаны жасырын емес. Ақшасын берсең жоқтаушы көз жасын көл етіп, қазаның зарын жеткізуге әзір.

«Шаншар»  әзіл-сықақ  театрының көрінісі. 

Шағын көріністі көріп, әрине, біріңіз оны қалжың дерсіздер. Бірақ оның астында бір шындықтың бары анық. Иә, ақысын берсеңіз бүгінде марқұм болған жақыныңызға жоқтауды да айтып беретіндер бар. Қазір елдің әр бұрышында – Қызылорда, Ақтөбе, Петропавл мен Павлодарда бизнестің бұл түрі белең алып келеді екен. Бағасын біле алмадық, десе де арзан емес деседі. «Заманың түлкі болса, таз боп шал» деген осы болса керек...

Құралай Пионер, Айгүл Ермахан, Абзал Құрманкин, Айзада Төребекқызы, «Біздің уақыт».