АҚШ Мемлекеттік хатшысы Иран келісіміндегі көзқарастар қайшылығына байланысты қызметінен кетті. Ақ үй жанындағы көгалда Дональд Трамп осылай деген. Мұны Рейтерс хабарлады. Трамптың сөзінше, Иран ядролық келісіміне қатысты АҚШ уағдаластығы "тіпті сұмдық". Бірақ оны Тиллерсон Америка үшін пайдалы деп санап келген. Президент пен экс-бас хатшы арасындағы көзқарастар қайшылығы Иранға ғана қатысты емес. Халықаралық проблемалар төңірегіндегі пікірлері үнемі қақ жарылып келген. Ресей мәселесінен бастап, Иерусалимді Израиль астанасы деп тануға қатысты ойлары бір арнаға тоғыспай келді. Тиллерсон АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде "Ресей қалдырған із" бар екенін ашық айтты. Бұл Трамптың ашуын тудырған. Рекс тіпті басшысының Таяу Шығыс, Солтүстік Корея мәселелеріндегі ұстанымы мен сауда және климат жөніндегі Париж келісіміне қатысты пікірін де құптамады. Мемлекеттік хатшы қызметіне Орталық барлау басқармасының директоры Майк Помпео тағайындалды.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Рекс
екеуміз жақсы жұмыс істеп келдік. Бірақ кейбір мәселелерге қатысты пікірлеріміз
сәйкес келмеді. Иран келісіміне қараңыздар. Меніңше, бұл сұмдық. Ал оның
ойынша, жақсы. Мен мұны бұзып немесе өзге де бір әрекет жасағым келді. Ол
басқаша есептейді. Жақсы араластық, бірақ шын мәнінде көзқарастарымыз қайшы.