Русский Сайттың толық нұсқасы

Пәтер кезегін күткен мүгедектер. Былтыр Қостанайда бірде-бір мүгедек үй алмаған.

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2018
  • 3720

Аягөзде үйі опырылып қалғандарға үй сатып алып беріп жатқандары дұрыс. Дегенмен өмір бақи арманы бір баспана мыңдаған адам бар екені естен шығар ма? Қостанайда 737 мүгедекүй кезегінде тұр. 2016 жылы тізімдегі екі –ақ адамға пәтер берілсе, былтыр ешкімге бұйырмапты. Жақында  облыстық мәслихаттың сессиясында проблема талқыланған. Бірақ жергілікті шенеуніктер түйткілді шеше алмайтындарын ашық айтты. Себебі мүгедектерге кезектен тыс пәтер беру керек деген заң жоқ.Тар бөлмеде тауқымет кешкендердің бірі Нұрзия Сақытбаеваның тағдыры туралы Заңғар Санай әңгімелеп береді. 

Нұрзия Сапабекқызы азғана айлығы мен жәрдемақысына баспана жалдайды. Отбасындағы алты адам 10 жылдан бері осы, отыз шаршы метрді мекендеп келеді. 2011 жылы қалалық әкімдікке арыз жазып, үй кезегіне 2151-ші адам болып тіркелгенін айтады. Кезектің жылжитын түрі жоқ. Ипотека рәсімдеуге табысымыз жетпейді. Баспана мәселесі –бас қайғыға  айналды,- дейді арбаға таңылған ана.

Нұрзия Сақытбаева, 1- топтағы мүгедек:

Бәріміз енді жұмыс істейміз ғой. Отбасымда бәрі жұмыс істейді. Менің пособиям бар. Жолдасым 4жыл бұрын инсульт алған, қазір жеңіл жұмысқа ауысты. Айлығы аз,алатын дәрілері де бар. Ипотекаға шамамыз жетпейді. Кірісіміз аз.

«Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің мүгедектерді баспанамен қамту мәселесін көтеріп жүргеніне он жылдан асты. Бірлестік төрағасы  Дүйсенғали Оспанов: Әкімдік кезегі бойынша баспана алу мүмкін емес. Мүмкіндігі  шектеулі жандарға  мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіншілігін беру қажет. Мәселен «қолжетімді баспана» бағдарламасының мүгедектерге арналған баламасын қабылдап, оларға төмен пайызбен және төменгі қабаттан үй беру жағын қарастыру керек,- дейді.

Дүйсенғали Оспанов, «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Мүмкіндігі шектеулі жандардың бүгінгі таңда табысы да келмейді. Бүгінгіалыпжатқанпенсиясы да жетпейді. Сондықтан бұл мәселені үкіметтік деңгейде қарастырып , жоғары жақтан бір шешімін табатындай, осы мәселеге қатысты  жоғары жақтан заң қабылдайтындай шешу керек.

Қазіргі таңда 23 мыңнан астам аймақ тұрғыны үй кезегінде тұр. Тең жартысы облыс орталығынан пәтер алғысы келеді. Соның жеті жүзден астамы 1 және 2 топ мүгедектері мен кемтар бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

Ерлан Омаров, Қостанай қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

Тұрғын үй заңнамасына сәйкес кезектен тыс үй алатындар санатына Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, тұл жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандар  жатқызылады. Ал әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы бірінші және екінші топ мүгедектерінің кезектен тыс пәтер алуға құқы жоқ.

Нұрзия Сақытбаева, 1- топтағы мүгедек:

Үмітіміз бар енді. Қазір салып жатыр ғой көп пәтерлерді. Бір пәтер бізге де бұйырар деп отырмыз енді. Біздің жағдайымызға қарап.

Иә, Нұрзия Сапабекқызы үмітін үзбейді. Тар бөлмеде тарыққан жандар жаңа қонысқа қол жеткізетін жарқын күнге сенеді. Мұқтаж жандардың жағдайына қарап Ақтөбеде бірнеше жыл бұрын тоғыз қабатты екі үй бой көтерген екен. Көрші облыстың игі бастамасы Тобыл өңірінде жүзеге асса деп армандайды. 

Заңғар Санай, тілші:

Жоспар бойынша биыл Қостанайда 3 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Мұндағы 216 пәтер әкімдік кезегінде тұрған әлеуметке бұйырмақ. Біздің кейіпкер Нұрзия үй алатындардың арасында жоқ. Кезегі үміті үзіліп кетпейтіндей уақытта жете ме? Үміттен бөлек, денсаулық жағдайы бар... Жалпы, 2016 жылы екі-ақ мүгедек адамға пәтер берілсе, былтыр ешкімге бұйырмаған.

Заңғар Санай «Біздің уақыт».