Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында 3 ірі газ таратушы станцияның құрылысы басталады

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2018
  • 5411

Қарағанды облысында келесі жылы 3 ірі газ таратушы станцияның құрылысы басталады. Автоматтандырылған нысандар тұрғындардың көмір жағудан құтылып, баспанасын газбен жылытуына мүмкіндік бермек. Аймақ халқы магистральді газ құбырының арқасында қара тұманнан құтыламыз деп үміттенеді.

Газ тарататын станциялар Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында салынады. Олардың құрылысын 2020 жылдың ортасына қарай аяқтау жоспарланған. Ал, бұл станциялардан аймақтың 6 ірі қаласының маңындағы 120 елді мекенге газ тартылмақ.

«Сарыарқа» магистральді газ құбыры облыс аумағына Қызылордамен шекаралас Ұлытау ауданынан келіп кіреді. Жезқазған, Жәйрем, Шет, Абай аудандарын басып өтіп Қарағанды қаласына бұрылады. Одан әрі Бұқар жырау ауданы арқылы Теміртауға, кейін Осакаровкадан Ақмола облысына бағытталады.

Анатолий Шкарупа, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Елді мекендерге газ тарататын желілер автоматтандырылған станцияларға қосылады. Құрылысты 2019 жылы бастау жоспарланған. Олар магистраль салынып біткен кезде дайын тұруы тиіс. Сонда кәсіпорындар мен тұрғын үйлер тез арада қосыла алады.

Бірнеше жылдан кейін аймақтың 1 млн-дай тұрғыны газбен қамтылады деп жоспарланған. Яғни орталық жылу қазандықтары мазутты табиғи газбен алмастырады. Бұл жобаның қарағандылықтар үшін де маңызы зор. Экология жақсарып, орталық жылу қазандығына қосылмаған тұрғын үйлер көмір жағу машақатынан құтылады. Жыл сайын 180 мың теңгеге көмір сатып алатын Тобабергеновтер отбасы газ тартылса, ақшамыз да үнемделер еді,- дейді.

Марияш Тобабергенова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Ауа райын бұзып тұратын осы көмірдің иісі. Көмір де қымбат. Естіп жатырмыз газ құбырын тартады дегенді. Негізінде тезірек тартылса, халық көмірден де тапшы болмас еді.

Осылайша өңірде батыстан шығысқа, шығыстан солтүстікке қарай тартылатын құбырдың ұзындығы шамамен 820 шақырым.

Айжан Қуаш, тілші:

Шенеуніктер қазіргі таңда елді мекендерге жылу тарататын желілердің жобасын қолға алған. Алдымен жер бөлу, қаржы және құрылыс мәселелері пысықталмақ. Олар көмір жағатын пешті газ жылытқыштарға алмастыратын күннің нақты уақытын айта алмады. Дегенмен алдағы бірнеше жылда болады деп отыр.

Айжан Қуаш