Қызылжарда көктайғақтың кесірінен екі апта ішінде 1200-ге жуық адам жарақат алған. Олардың дені аяқтары мен белдерін зақымдапты. Бұл əдеттегі жағдайдан 3 есе көп, - дейді петропавлдық дәрігерлер. Сондай-ақ, Ақтөбе мен Қарағандыда да осындай жағдай. Тіпті Ақтөбеде бүгін жолдар жабылған. Жақсыбек Кемал баяндайды.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ақтөбе көк мұзға оранды. Түнде жауған жаңбыр соңы көктайғаққа айналған. Қала көшелеріндегі тұрғындар мына мен секілді тасбақа аянмен жүруге мәжбүр.
Дегенмен қанша сақ боламын десе де құлап, зардап шегіп жатқан тұрғындар аз емес. Облыстық жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлері күшейтілген тәртіпке көшкен. Бүгін мұнда мұзға тайып, қол-аяғын зақымдаған 200-ден астам адам жеткізіліпті.
Рахымжан Арыстан, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:
Біздің қабылдау бөлімше қазір экстренно режимде жұмыс жасап жатыр. Біз дәрігерлер санын көбейттік осыған байланысты. Бұрын бір травматолог қабылдаса, қазір 3-4 травматолог қабылдап жатыр. 3 нейрохирург, 1 невролог, 2 терапевт ауруларды қабылдап жатыр. Адам көп.
Машинаның терезесінің мұзын сындырып: «Еу, не болды?!»
Ақтөбеліктердің кейбірі шаһар көшесінде коньки теуіп жүр. Көшедегі көліктердің де жүрісі сылбыр. Тіпті облыстағы жолдардың көбі уақытша жабылыпты.
Қарағандыда соңғы он күн ішінде 500-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Науқастардың көбі жасы ұлғайғандар.
Берік Төлеубаев, Х.Мақажанов атындағы Қарағанды облыстық травматология және ортопедия орталығы директорының орынбасары:
Көктайғақ кезеңде көп науқас түседі. Көбінесе, былай қарасақ, жеңіл жарақат ішінде бар және сынықтар да пайда болады. Енді кәрі адамдар, әрине, көбіне түседі, оның ішінде жұмыс істеп жүрген адамдар бар. Өйткені олар амалсыз жұмысқа бір жаққа барады.
Қызылжарда жағдай күрделі. Қазір қалалық аурухананың травматология бөлімі науқастарға лық толы. Дәрігерлер тұруға шамасы келетіндерді тез арада шығарып, ауруханада орын босатып əлек.
Валерий Грибашев, қалалық №3 ауруханасы травматологиялық бекеттің меңгерушісі:
Мен бұл салада 40 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Бірақ, мұндай көктемде алғаш рет кездестірдім. Күнде жүзге жуық адамды қабылдап жатырмыз. Ауыр жарақатпен түскендерді ауруханаға жатқызамыз.
«Қазгидромет» орталығының мәліметінше, алдағы тәуліктерде күн жылынады. Сондықтан көктайғақпен бірге тасқынға да дайын болу қажеттігін ескертеді.
Жақсыбек
КЕМАЛ