Русский Сайттың толық нұсқасы

Мүлікті жалға берушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс - МКД

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2018
  • 4370

1-ші сәуірден бастап Алматыда  пәтерлерді тексеру жұмыстары басталады. Мақсат - жалға берушілерді салық төлеуге міндеттеу. Бұл шараны мемлекеттік кірістер департаменті мамандары мен жергілікті полиция іске асырмақ. Яғни пәтерін жалға берушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Яғни кез-келген адам меншігіндегі үй немесе пәтерді жалға беруден түскен пайдадан табыс салығын төлеуге міндетті, - дейді олар.

Көше бойында пәтер кілтін ұстап, клиент аңдумен айналысқанына 2 жылға жуықтаған әйел өз есімін жарияламауды жөн көрді. 8 жыл бұрын Алматыға келгенінде тұрақты қызметке тұрған. Бірақ, жалақысы аз болған. Бүгінде басындағы баспанасын жалға беріп, қаражат тауып жүр. Кәсібіне қатысты жаңашылдықтан да хабардар, бірақ салық төлеуге асығар емес.

Пәтерін жалға беруші:

Берешегімізбен, бәрімен есептегенде айына 190-200 болады. Бір пәтер арендасы 6-5 мың суткаға береміз. Иногда по часовой кіргіземіз. Естігенбіз налог төлеу керектігін. Бірақ бізге тиімсіз. Бізді еще қуалайды. Тұрғызбайды. Ұсталсаң, 3 сағат барып отырып келесің. 5 мыңнан 10 мыңға дейін штраф төлейміз.

Ішкі істер департаментінің өкілдері "көше жиегінде кілт айналдырып тұруға болмайды деген заң жоқ, бірақ қоғамдық орынды бүлдіру, ластау бойынша айыппұл саламыз" деп отыр. Жалпы, ел аумағында Алматы қаласы пәтерді жалға беру бойынша көш басында тұр. Бұл жайында қаладағы мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары айтты.

Өткен жылы заңды түрде тіркелген жалға берушілер 8 мыңға жуық адамды құраған, көлеңкелі жолмен пайда табатындардың нақты саны белгісіз. Тексеру нәтижесінде 4 мыңнан аса азамат анықталған. 

Қалалық кірістер департаменті пәтерін ғаламтор арқылы немес көшеге шығып жалға беру үшін алдымен тіркелу қажет дейді. Себебі бұл санат жеке кәсіпкерлікке жатады.

Қуаныш Түменбаев, Алматы қаласы Медеу аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

Егер де осы тексеру кезінде заң бұзушылық анықталса, хаттамалар толтырылып, құжаттар сот органдарына жолданады. Айыппұл салу мақсатында. Бүгінгі күні заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан жағдайда айыппұл сомасы 15 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Дейтұрғанымен заңгерлердің уәжі басқа. Толықтай тіркеуден өтуі қажет деген міндеттемемен олар келіспейді.

Сергей Уткин, заңгер:

Өз меншігіндегі пәтерін немесе жалға алған баспанасын өзгеге жалға берумен айналысатын кез-келген жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес. Салық кодексінің 330 бабы, 3 тармағында мүліктік кіріс жеке кәсіпкердің табыс салығына жатпайды деп  жазылған. Бұлай жіктейтін болсақ, онда үйін сатқаны үшін түскен пайдадан да салық төлеу керек болады емес пе? Сондықтан тіркелу қажет деген дұрыс емес. Тек бір жылдық пайдаңды декларациялауға болады. Яғни 10 пайыз салық төлейсің. Оның өзі де қалауыңа байланысты.

Олжас Нұржақып, тілші:

Яғни, заңгердің сөзіне сүйенсек, пәтерді жалға беру жеке кәсіп емес. Қосымша пайда көзі. Ал, салық саласындағылар тіркеуден өткен тиімді. Жыл аяғында 10 пайыз төлегеннен жеке кәсіпкер ретінде табысының 1 пайызын берген ыңғайлы емес пе деген пайымда. Тіпті, осы мақсатта кез-келген Халыққа қызмет көрсету орталығына төлқұжатпен барып, тегін тіркелуге болады деген де ақпарат таратып отыр.

Олжас НҰРЖАҚЫП