Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеліктер су тасқынынан қауіптеніп отыр

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2018
  • 3195

Ақтөбеде өткен тәуліктерде бір айлық қардың жаууы тасқын қаупін күшейтті. Қала тұрғындары осылай деп қауіптеніп отыр. Бірақ құтқарушылар өзен арнасын кеңейтіп, сақтық шараларын қолға алып жатырмыз деп сендірді. Былтыр 100-ден асам үй құлап, кәдеге аспай қалған болатын. Биыл бұл жағдай қайталана ма? Жақсыбек Кемал бұл сұраққа жауап іздеп көрді.

Былтыр үйлері су астында қалған ақтөбеліктер қызыл судан тағы да қауіптеніп отыр. Олардың кейбірі биылдыққа бау-бақша ұжымдарына құтқарушылардың ат басын бұрмағанын айтады. Су басу қаупі басым аймақтарда тұратындарға «Қауіпсіз жерлерге көшіңдер» деген ескертулер ғана берілген. 

Рәбиға Елубаева, бау-бақша ұжымының тұрғыны:

Үй деген құлады ғой. Үй іші құлаған. Сылады балам. Биыл да енді қорқып отырмыз тағы. 

Синоптиктер алдағы күндері күннің 5 градусқа дейін жылынатынын айтады. Оның үстіне биыл жер тоңының қалыңдығы 125 сантиметрге жеткен. Сондықтан еріген қар суы жерге сіңбей, ойпатты жерде орналасқан елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін. Дегенмен, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіптің алдын алуға барынша дайынбыз деп отыр.

Бауыржан Сыздықов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

Былтырғы жағдай қайталануы мүмкін, мүмкін емес деп айта алмаймын. Арықтар тазаланып жатыр, өзендердің ұлтаны тазаланып жатыр. Кейбір жерлерін кеңейту жүріп жатыр. Өзеннің жағасын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Облыстағы азаматтық қорғау құрылымдарының 2700 адамы дайын тұр. 180-нен астам құрылымдар дайындықта. Оның 450-ден астам техникасы бар.

Қаңтар айынан бастап Ақтөбе қаласынан 190 000 текше метрден астам қар шығарылыпты. Қазір Қарғалы мен Елек өзендерінің қауіпті аумақтары кеңейтіліп жатыр. Бұған дейін ескі көпірлер бұзылып, орнына жаңасы салынған. Мамандар құрылыс кезінде көпірлердің су өткізу мүмкіндігі барынша ескерілгенін айтады.

Төлеген Таңатаров, құрылыс компаниясының басшысы:

Үлкейтіп салынды. Арнасы кеңейтілді. Песчанка өзенінің де арнасын кеңейтіп жатырмыз. - Дачалар суға кетпейді деуге болады ғой? -Жоқ, кетпейді. Биыл кетпейді. Ештеңе кетпейді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Облыс орталығында су тасқынына қарсы штаб өткен аптада жұмысын бастады. Қоңыраулар әзірге тек жеке секторлардан ғана түсіп жатыр екен. Құтқару жұмыстарына 100-ден астам арнайы техника белгіленген. Сондай-ақ 3 000 тонна инертті материал дайын тұр.

Жақсыбек Кемал