Шымкентте балмұздақтан уланған адамдар саны артып жатыр. Қазір 60-тан астам адам ауруханаға түскен. Жаппай уланғандардың арасында балалардан бөлек ересектер де бар. Қазір бұл істі Денсаулық сақтау министрлігі бақылауына алды. Мән-жайды әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына кешеден бері «балмұздақтан улануы мүмкін» деген күдікпен 61 адам жеткізілген. Қазір 41-і ауруханада жатыр. Соның 20-сы бала. Өзгесіне амбулаторлық ем тағайындалған. Науқастардың туыстары уланғандардың дені сейсенбі күні балмұздақ жеген деп отыр.
Қалмахан Ерментаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
27-сі күні кешкі 17.30-дарда балалар жеген сол жерден. Сонымен ертеңіне түстен бері мазасызданып, бәрі құлап, құсып, температура, қызым 39 болып түнде жедел жәрдем 4-те келді.
Ислам Ахметжанов, Шымкент қаласының тұрғыны:
27-сі күні балам технопаркке барған. «Южныйға» келіп мороженое жеген. Ертеңіне құлады. Қазір реанимацияда жатыр, өзіне келмей, кешеден бері.
Дәрігерлердің алдын ала қойған диагнозы - өткір ішек инфекциясы.
Айгүл Иманалина, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Үш науқас реанимацияда жатыр. Біреуі жүкті әйел, екеуі жасөспірім. Қазіргі таңда екі жасөспірім бөлімшеге ауыстырылып жатыр. Түскен науқастардың анамнезінен олардың кафеде, осы Шымкент қаласының кафесінде балмұздақ жегені анықталды.
Қазір тұрғындар жаппай уланған балмұздақ сататын орын жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір мұнда тексеру басталып кетті.
Жұмағали Медетов, ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
Бұлар мороженое жедік деген жерлердің бәрінде толық комиссияның қазір жұмысы жүріп жатыр. Ол жерлердің бәрінен анализдер алынды. Ол жердегі қызметкерлерінен де анализ алдық. Одан кейін бір бригадамыз қазір инфекциялық ауруханада әр аурумен жеке-жеке сөйлесіп, анамнез жинап жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сенсек, жаппай улануға балмұздақ қоспаларының үй жағдайында дайындалғаны себеп болған. Министрлік істі өз бақылауын алғанын жеткізді.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Аталған жайт Әл-Фараби полиция бөліміне «санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Айзада
Төребекқызы