Ресейдегі өртке қатысты
шенеуніктің үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Кемерово облыстық
мемлекеттік құрылыс бақылау инспекциясының басшысы Танзиля Комкова қызмет бабын
асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Бұл туралы ақпарат Ресей тергеу
комитетінің ресми сайтында жарияланды. Іс материалдарына сай, сауда орталығы
ғимаратының құрылыс салуға рұқсаты болмаған. Ал шенеунік бұған көз жұма
қараған. Сондай-ақ бүгін Кемерово кондитер комбинатының бас директоры Юлия
Богданова құрықталды. «Зимняя вишня» сауда орталығы орналасқан ғимарат дәл осы
компанияға тиесілі. Тергеу мәліметіне сай, кәсіпкер нысандағы өртке қарсы
жүйеде ақау бар екенін білген. Бірақ соған қарамастан, ешбір шара қолданбай,
ғимаратты жалға беріп келген. Бұған дейін Тергеу комитеті оқиғаға қатысы
бар 5 күдіктіні ұстаған. Оның ішінде өрт
қауіпсіздігіне жауапты маман мен күзетші де бар.
Еске салайық, өткен жексенбіде
Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында болған өрттен 64
адам қаза тапты. Оның 41-і бала.