Русский Сайттың толық нұсқасы

Владимир Путиннің жарлығымен 28 наурыз Ресейде аза тұту күні болып жарияланды

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2018
  • 3163

28 наурыз Ресейде аза тұту күні деп жарияланды. Президент Владимир Путин тиісті жарлыққа қол қойған. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл күні мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, мәдени ойын-сауық бағдарламалар тоқтатылады. Телеарналардан көңілді дүниелер көрсетілмейді. Ел өрттің құрбандарын еске алып аза тұтады. Ал Ресей басшысы Владимир Путин Кемероводағы оқыс оқиғаға "салғырттық" себеп деп мәлімдеді. Ол бүгін  әлі де ес жия алмай жатқан Кемерово халқының қайғысын бөлісуге барды. Ажал құшқан 64 адамның 41-і бала екені анықталған. Олардың орташа жасы 10-13 аралығында. 

Владимир Путин, РФ президенті:

Қаза тапқан балалар туралы айтқанда, жай ғана жылау былай тұрсын, тіпті еңіреп егілгің келеді. Бұл әскери іс-қимыл емес, бұл орын кенеттен метан жиналатын шахта да емес қой. Тұрғындар мен балалар онда демалуға барды. Біз демография туралы айтамыз, ал осыншалықты адамнан неге айырылып отырмыз?!

Ал Кемеровода 4 мыңға жуық адам стихиялық митингке шықты,-деп хабарлайды Рейтерс. Олар облыс губернаторы Аман Төлеев пен қала мэрінің отставкаға кетуін талап етті. Халық мұндай сұмдықтың болуына жергілікті билік өкілдерінің де кінәсі бар деп санайды. Қарсылық акциясына Аман Төлеев келмеді. Наразылық танытушыларға губернатордың орынбасары Сергей Цивилев шықты. Ол сауда орталығындағы өрттен соң із-түзсіз жоғалғандар туралы полицияға хабарлауға кеңес берді. Халық өрттен қаза тапқандардың нақты санын айтып, толық тізімін жариялауды талап етіп отыр. Мыңдаған ата-ана бүгін алаңға бейбіт күнде көз жазып қалған балапандарының суреттерін құшақтап келген.

Сергей Агарков, ата-ана:

Міне менің балаларым. Біз олардың мәйітін таныдық. Олар тұншығып көз жұмған. Ана жақта балалардың денесін әкеліп жатыр. Кейбірінің дене мүшелерінің жартысы жоқ, аяқ-қолы бөлініп қалған. 

Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин кинозал есіктерінің сыртынан жабулы болғанын айтты. Көп адамның ажал құшуына осы жағдай себеп болған деді. Орталықтағы қызметкерлердің барлығы дерлік өрт басталған кезде бас сауғалап қашып кеткен көрінеді. Күзетшілердің түгелге жуығы лицензиясыз жұмыс істеген. Ресми дерек бойынша, құрбан болғандар саны 64 адамның 25-інің мәйітін туыстары таныған. Оқиға жексенбіде болған еді. Өрт «Зимняя вишня» сауда ойын-сауық орталығының 4-ші қабатында тұтанған.