Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық науқастарға қажетті инсулин жеткілікті - БҚО денсаулық сақтау басқармасы

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2018
  • 3164

Батыс Қазақстан облысындағы қант диабетімен ауыратын науқастарға қажетті инсулин жеткілікті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев бүгін БАҚ өкілдеріне айтты. Бірақ дәрі егуге пайдаланылатын помпалардың былтыр сатып алынған партиясы жарамсыз деп танылып, қолданыстан алынған. Енді оның орнына жаңасы жеткізіледі. Осы жағдайды бақылауда ұстап, мәселені шешу үшін "СҚ Фармация", Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті өкілдерінен мониторингтік топ құрылыпты.

Қанат Төсекбаев, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Батыс Қазақстан облысы бойынша 57 науқас бала қант диабетімен сырқаттанған. Ол науқастардың бәріне бүгінгі таңда бізде инсулин бар. Кішкентай балалармен қатар, ересектерге де қажетті инсулиннің бәрі бар. Ал шприцтың көлеміне келсек, сатып алынатын шприц бірыңғай дистрибьютордан сатып алынады. Ол бізге байланысты емес.

Сонымен қатар дәріні сатып алу жүйесі де өзгертілген. Енді бұл іспен облыстық денсаулық сақтау басқармасы өзі айналыспақ. Бұрын осы міндет жүктелген жергілікті дәріханалар жүйесі енді дәріні таратумен ғана шектеледі.

Дания Ануфриева, дәріхана қызметінің басшысы:

Инсулиннің басым бөлігі №3-дәріханада. Тест-жолақшаның тек біреуі ғана қалды. Бұл 50 рет тексеруге жетеді. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселенің бір-екі аптада шешілетінін айтады. Біз бұл туралы нақты ештеме айта алмаймыз.

«СҚ Фармация» қант диабетімен ауыратындарға биыл инсулиннің 22 түрі 2 млрд теңгеге сатып алынғанын хабарлады. Сондықтан қоймада дәрі жеткілікті, тек аймақтағы медициналық ұйымның тапсырысымен жеткіліп отыратынын жеткізді. Дегенмен олар наурыз айының сұранысын жаптық деп отыр. Бұған дейін облыста диабетке шалдыққан балалардың дәріден тарыққанын хабарлаған едік. Ата-аналарының айтуынша, инсулин мен өзге де препараттар желтоқсан айынан бері жоқ.