Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда ауаның құрамындағы күкіртті сутектің көлемі нормадан 12 есе көп

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2018
  • 2849

Қызылжарда ауаның құрамындағы күкіртті сутектің көлемі нормадан 12 есе көп. Бұл жайында біздің арна тілшілеріне аймақтың экология департаментінің өкілдері мәлім етті. Былтыр қоршаған ортаға күкіртті сутек 6 мың 200 рет таралған. Бұл Қазақстандағы ең лас қала болып саналатын Теміртаудың көрсеткіштерімен тепе-тең келеді, - дейді құзырлы орган өкілдері. Аймақта экологиялық қауіп қалайша жойылмақ? Әріптесім Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Экологиялық залалдың қайнар көзі мына көл болып табылады. Халық арасында ол "Поганка" деп аталып кеткен. Шаһардың бүкіл қалдығы кәріз жүйелері арқылы осында келіп құйылады. Артынша жуынды-шайынды су бүлініп, газ ауаға тарайтын көрінеді.

Бұқара жағымсыз иістің əсіресе көктемде қолқаны қабатынын айтады. Көл бетіндегі мұз еріген соң, иіс бүкіл қалаға жайылады дейді олар.

Жыл сайын ылғи қайталана беретін проблема. Жел бергі жаққа соққан кезде, сасық иіс мұрын жарады

Мен қаланың басқа жағында тұрамын. Ал 20-шы шағын ауданда жұмыс істеймін. Бұл маңайда көктемде далаға шығу мүмкін емес. Таза ауа атымен жоқ.

Экологтар былтыр кəріз суынан күкіртті сутектің 6 мың 200 рет анықталғанын айтады. Бұл экологиясы ақсаған Теміртаудың көрсеткішімен шамалас, дейді олар. Алайда, әкімдік өкілдері Петропавлдағы ауа ластануы өндірісті аймақтарға қарағанда адам өміріне соншалықты қауіпті емес, -деді.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаменті басшысының орынбасары:

«Поганкадан» күкіртті сутек сəуірдің аяғынан маусым айының бас кезіне дейін шығады. Бұл кезде ол қалыпты нормадан 12 есеге дейін асады. Алайда, ашық ауада оның адамға деген зияны жоқ. Себебі жел оны қырға қарай ұшырып əкетеді.

Құзырлы орган өкілінің айтуынша, жуынды-шайынды су биологиялық тазартудан өтпегендіктен, одан күкіртті сутек бөлінеді. Газдың ауаға тарамауына қалалық сумен қамту кəсіпорны жауапты. Бүгінде олар кəріз суын сүзгілейтін нысанды жаңғыртуды қолға алған.

Даурен Зейнуллин, Петропавл қаласы əкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

Тазарту нысанында күрделі жөндеу жұмыстары 2013 жылы басталған. Жоба құны 3.6 миллиард теңгеге тең. Оның 85 пайызы игерілген. Жуырда қалған 520 миллион теңге бөлінді.

Қазір жергілікті əкімдік мердігер компанияны іздестіріп жатыр. Суды тазарту нысанындағы жаңғырту жұмыстары жылдың аяғына дейін бітеді деп сендірді. Биологиялық тазарту қондырғысы іске қосылса, күкіртті сутектің бөлінуі тыйылуы мүмкін.

А.Құрманкин