Ресейдің Кемерово қаласындағы өрт қасақана қойылған болуы мүмкін. Қамауға алынған күдіктілердің бірі осылай деп мәлімдеді. Ал қазақстандықтар Ресей халқының қайғысын бөлісуде. Елшілікте мемлекеттік тулар төмен түсірілген. Бірнеше аймақта еске алу шаралары өтіп жатыр. Қайғылы оқиғаға байланысты Ресейде қаралы күн жарияланған. Сондай-ақ тілсіз жаудың құрбаны болғандарды жерлеу рәсімдері басталды.
«Зимняя вишняның» кинозалында сол күні 8 жасар Костя мен 10 жасар Маша Агарковтар да бар еді. Балалармен бірге әжесі болған. Түтінге тұншығып көз жұмған балақайлар мен қарияны соңғы сапарға шығарып салу үшін зират басына келгендердің қарасы қалың.
Бүгін Кемеровода өрт кезінде ажал құшқан адамдар жер қойнына тапсырылып жатыр. Қала орталығына жиналғандар марқұмдарды май шам жағып еске алды.
Ирина Кияткина:
Өте ауыр қайғы. Қаншама бала қайтыс болды. Басқа сыймайтын дүние. Өмір мен өлім арпалысқан алапат сәтте олардың қандай сезімде болғандарын елестету қиын.
Диана Сапарқызы, тілші:
Ал елімізде бұл қаралы хабар ешкімді бей-жай қалдырмады. Кешеден бері ресейліктердің қайғысына ортақтасқан Астана халқы елшілік маңына гүл шоқтарын қалдырып жатыр.
Кемеровода опат болғандарды оралдықтар да аза тұтты. Себелеп жауған жаңбырға қарамастан, Ресейдің бас консулдығының алдында қаралы митинг өтті. Оған 200-ден астам адам жиналған. Арасында кішкентай балалар да бар. Тұрғындар консулдық ғимаратының алдына гүл шоқтары мен түрлі ойыншықтарды қойды. Кейбірі шырақ жағып, дұғасын оқыды.
Андрей Батманов, Оралдағы РФ бас консулы:
Сөзбен айтып жеткізе алмайтын өте ауыр жағдай. Түсіністік танытып, көңіл айтқан барлық адамдарға алғыс білдіреміз. Осы өрттен көптеген күнәсіз бүлдіршін мерт болды. Қайғыны бөліскен оралдықтарды көріп, бауырластықта шекара жоқ екенін ұғындық.
Қаралы митингте ақ-қара түсті шарлар көкке ұшырылды. Мұнан соң оралдық жүргізушілер көліктеріне «Кемеровомен біргеміз» деген жазуларды жапсырып, автошеру ұйымдастырды.
Ғиззат Халилов, Орал қаласының тұрғыны:
Біз болашақта бұл жағдайды өмірлік сабақ ретінде ұмытпауымыз керек.
Кемеровоның
“Зимняя вишня” сауда орталығында болған қайғылы оқиғаға өскемендіктердің де
қабырғасы қайысты. Қала халқы жиналып, қаза болғандардың рухына тағзым етіп,
көкке шарлар ұшыруды ұйымдастырмақ ниетте.
Ресейдің
тергеу комитеті күдікті ретінде қамауға алынған бес адамға айып тағылғанын
мәлімдеді. Іздестіру-құтқару
операцияларының нәтижесі бойынша із-түзсіз жоғалған адамдар жоқ деген қорытынды
жасалды. Ресейдің көптеген қалаларында марқұмдарды еске алу үшін мыңдаған ақ
шарлар аспанға ұшырылды.