Астанадағы Ресей елшілігіне тек сейсенбіде ғана 300-дей адам көңіл айтып барған. Ал қайғы жамылған отбасыларға көмек ретінде ақша жинау басталды. Осылай деген Қазақстандағы Ресей елшісі Алексей Бородавкин мұндағы жұрттың ықылас-ниетіне алғыс білдірді. Мұны елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады. Дипломат алғаш болып Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің және халықтың атынан көңіл айтқанын жеткізген.
Астана тұрғындары кеше қас қарая елшілік алдына жиналып, ұялы телефондарының шамын жақты. Осылайша талай бүлдіршіннің қыршынынан қиылғанына налып, қайғыға ортақтасты. Бұл қазаға бей-жай қарай алмағандар бүгін де елшілікке ағылып жатыр. Қазақстандағы Ресей консулдықтарында және елшілікте көңіл айту жазбасын қалдыру үшін кітап қойылған.