Қызылордада бүтін бір шағын ауданның тұрғындары он жылдан бері жол азабын тартып келеді. Біздің арнаға шағымданған адамдар мұндағы ойдым-ойдым көшелермен көлік те, адам да жүре алмайтынын айтып ашынады. Жан-жаққа арызданғанымен әлі күнге нәтиже болмады дейді олар.
"Арай" шағын ауданында тұратын 80 жастағы Айнакүл апа екінші топтағы мүгедек. Қара күзден жаз шыққанға дейін құрғамай, ми батпаққа айналатын жолдан мезі болған қария, жағдай әсіресе "жәдел жәрдем" шақырғанда тіпті қиындай түседі дейді.
Айнакүл Орынбасарова, Қызылорда тұрғыны:
Тайғанап, құлап, жамбасымыз сынып жатыр. Машина келмейді, таксимен бір жерден барып келсек, такси жүрмейді мына жерден.
Оқушыларды мектепке таситын мына көлік те белшесінен лайға батып, жолда тұралап қалған. Шағын ауданның 3 көшесінде тұратын жүзден аса отбасы осындай азапқа 10 жылдан бері амалсыз төзіп келеді.
Гүлсара Әбдіхалықова, Қызылорда тұрғыны:
Кирзовый етіктерімізді алып, апарып жолға дейін, қайтадан алып келіп, сөйтіп жүреміз. Осы экстремальные игры. Бұл жаққа ешқандай автобус келмейді, маршрут келмейді. Қаншама жерге дейін балдар мектепке бару үшін жаяу барады. 5-6 остановка жердей барады.
Эльмира Мұратбаева, Қызылорда тұрғыны:
Күніне 10 машина келіп, батты. 6 мыңнан қаншама машина құм төседік. Жыл сайын әр машинаны 6 мыңнан құм алдық көршілер жиналып. Ол құм, шамалы болса да, сеп болады. Бірақ мына көшеге қанша құм төсе, ол әркімнің қалтасы көтере бермейді
Тұрғындар шағымын арқалап қала әкімдігіне талай барған. Шенеуніктер әзірге құр уәдемен тойдырып келеді дейді. Ашынған халық бүгін де әкімдіктің ғимаратын бетке алды. Ал шахардың жолдарына жауапты мекеменің басшысы көшелер жөнделеді деп кесіп айтты.
Талғат Құлмағанбетов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы:
246 миллион қаражат бөлініп, 14 көшеге орташа жөндеу жол жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі күні Арай мөлтек ауданында 3 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары қазір басталып кетті. Сәуірдің ортасында осы 3 көшеде жұмыс толықтай аяқталады деп жоспарлап отырмыз.
Шарипа Сақтапова, тілші:
Қызылордада 760-тан астам көшенің 413-і толығымен асфальтталған дейді атқамінерлер. Қалған үш жүзге жуығы жөндеуді қажет етеді. Орташа жөндеу жұмыстары қолға алынғанын естіген тұрғындар, бұл іс тезірек жүзеге асса жарар еді, деп отыр.
Шарипа
САҚТАПОВА