Русский Сайттың толық нұсқасы

«Сәбилердің үш пайызы екпеден соң жарымжан болған» деген мәлімет шындыққа жанаспайды - ДСӘДМ

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2016
  • 2138

«Еліміздегі мүгедек сәбилердің үш пайызы екпеден соң жарымжан болып қалған» деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой ресми түрде мәлімдеді. Яғни министрліктің  ақпары бойынша, түрлі дертке қарсы егу алған соң кейбір сәбилер кемтар болып қалды деу қисынға келмейді. 

Алексей Цой,  ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

Қазақстанда вакцина салдарынан туындаған өлім-жітім немесе мүгедектіктің бірде бір жағдайы тіркелмегенін қадап айтқым келеді. Сонымен қатар, балаға вакцина жасатудан бас тарту арқылы өз сәбиін дені сау болып өсу құқығынан айыратынын әрбір ата-ана білуі тиіс дер едім.

Еске салайық, екі күн бұрын Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова «әр баланың вакцинаға жеке әсерін тексеріп алмайынша, сәбилерге жаппай екпе жасауға болмайды» деп дабыл қаққан еді. Құзырлы министрлікке осындай ұсыныс жолдаған депутаттың айтуынша, мүгедектікке шалдыққан балалардың үш пайызы түрлі екпелердің кесірінен кемтар болып қалған. Қайырымдылық қорлары берген мәліметті алға тартқан ол, балалар мүгедектігінің артып отырғанына алаңдап, "екпе ерікті түрде жүру керек" деген болатын. 
 
Базаргүл ОТЫНШИЕВА