Русский Сайттың толық нұсқасы

Қытай билігі АҚШ-тан кіретін 128 тауарға кедендік салықты өсіріп жіберді

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2018
  • 2541

Бейжің АҚШ-тан импортталатын 128 түрлі тауарға кедендік салықты өсіріп жіберді. Қытай қаржы министрлігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сай, баға негізінен азық-түлік, шарап, алюминий сынды өнімдерге өскен. Ведомство мұны «Қытайдың құқығын қорғау» деп түсіндіреді. Ал, бұған дейін Дональд Трамп Қытайдан жеткізілетін шойын темірге салынатын кедендік салықты 25 пайызға қымбаттатқан. Екі алпауыт арасындағы "сауда-саттық соғысы" туралы келесі бейнематериалда.

Бұл "Қытайдан жеткізілетін 1300-ге жуық тауарға шектеу қоямыз" деген Вашингтонның әрекетіне жауап іспетті. Көкеніс пен жаңғақ, шарап өнімдеріне салық 15%-ға өссе, алюминий мен шошқа етіне міндетті төлем 25 пайызды құрайды. 

АҚШ Дженнифер Тири, шошқа етін өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры, АҚШ:

Қытай нарығы ерекше. Тұтынушылар көп. Олар шошқа етін көптеп сатып алатын. Енді бұл жағдай біздің салаға, тіпті АҚШ экономикасына кері әсерін тигізеді деп ойлаймын. 

АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында Трамп Қытайды экономикалық терроризмге мүше ел ретінде айыптаған. Бұл мемлекеттен келетін шойын мен алюминийдің бағасына кедендік салықты 25 және 10 пайызға өсірді. Және мұны «ұлттық қауіпсіздіктің танымы» деп атады. Ал Бейжің болса, Вашингтонды диалог алаңына шақырған. 

Гао Фэн, Қытай сауда министрлігінің өкілі:

Американың ұстанымына сай, Қытайдың да көзқарасы өзгермейді. Біз АҚШ жағдайды ой елегінен өткізіп, әлемдік экономиканың тенденциясына сай әрекет етеді деп сенеміз. Сондықтан Құрама Штаттарды мәселені бір жақты шешпей, бірлесіп шешуге шақырамыз.

АҚШ-тан енгізуге тиым салынған өнімдердің ішінде соя да бар. Осыған дейін Қытайдың бүкіл  сұранысының 38 пайызын жеткізіп отырған америкалық тауар өндірушілердің саудасы құрдымға кететін түрі бар. Сондықтан қандай да бір өзгерістің болуы ықтимал.

Марк Альбертсон, соя өндірушілер қауымдастығының мүшесі, АҚШ: 

Біз табиғи апаттарға жиі тап боламыз. Бұған етіміз үйренген. Бірақ Вашингтон тарапынан жасалған бұл әрекетке дайын емеспіз. Қытай біз үшін үлкен нарық, сондықтан бүкіл үмітіміз экспорт болатын. Бұл жағдайдан біздің фермерлер зардап шегіп отыр. 

Мишель Аванг, фермер:

Бұл расымен жағымсыз жаңалық. Шикізат бағасы онсыз да төмен болатын. Сауда соғысын сөз етсек, салдары ауыр болайын деп тұр.

Ал, сарапшылардың пікірінше, сауда соғысында жеңімпаз жоқ. Яғни қос тараптың да ұтылатынын олар ескертті. Бейжіңнің Вашингтонға қарымта жауап қайтаратыны анық. Мәселен, Қытайда триллион долларды құрайтын Американың құнды қағаздары бар. Сондай-ақ, АҚШ-тағы әрбір 4-ші Boeing ұшағы Қытай үшін құрастырылады. Демек, әуе кемесі нарығындағы ең ірі компания өкілдері тұтынушылардың кенеттен Airbus-қа көшуін қаламайтыны анық.