Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте балмұздақтан сататын дүңгіршектің екі қызметкерінен сальмонеллез анықталған

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2018
  • 3396

Шымкентте жұрт балмұздағын жеп уланған дүңгіршектің екі қызметшісінен сальмонеллез қоздырғышы табылды. Алғашқы күні алынған сынаманың алдын ала қорытындысы осындай күдік тудырған. Мұндай қоздырғыш науқастардың ағзасынан да анықталған. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары осылай деп отыр. Әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

Шымкентте 188 адамның жаппай улануына балмұздақты әзірлеуде санитарлық ережелердің өрескел бұзылуы себеп. Кәсіпкер тәттінің қоспаларын үйде, талапқа сай келмейтін жағдайда жасаған. Микробиологиялық тексеруге 25 заттан сынама алыныпты. Соның 24-інен сальмонеллез, стафилакокк сынды тағы бірнеше қозырғыштар табылған, - деді дәрігерлер. Сондай-ақ талапқа сай емес қауіпті балмұздақты сатқан дәмхана мен балмұздақ қоспасын әзірлеуге қатысқан барлығы 12 адамнан анализ алыныпты. Олардың арасында да медициналық тексеруден өткенін растайтын кітапшасы мүлдем болмапты. Ал екі адамда сальмонеллез болуы мүмкін деген күдік бар. 

Нұрбек Нышанов, ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің  басшысы:

Екі қызметкерден сальмонеллез деген жұқпалы індеттің қоздырғышы анықталуда. Оның өзінің тағы да процесі болады, өзі  қояды, рекциясын қояды, басқасын қояды. Бүгін кешке тексерген нәтижесінің қорытындысын осы екі қызметкердің бізге хаттама ретінде береді біздің лаборатория. Балмұздақ қоспасы арнайы талаптарға сай рефрежераторы бар автокөлікпен емес, өзінің жеке көлігімен тасымалданып келген.

Бір айта кетерлігі, балмұздақ сататын дүңгіршектің нақты қай уақыттан бері сауда істеп келгенін жауапты мекемелердің ешбірі білмейді. Білетіндері дәмхананың 2004 жылы ашылғаны. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер оның қожайыны балмұздақ сататыны туралы арнаулы орындарға ескертпегенін айтты. Енді жаппай улануға қатысты іспен полиция да айналысып жатыр.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД ресми өкілі:

Бүгінгі таңда ішкі істер бөлімдеріне арызданған адамдардың саны 103-ті құрап отыр. Сотқа дейін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген 188 науқастың бүгінге дейін 99-ы үйіне шығарылған. Оның 57-сі ересек, 24-і жасөспірім және үшеуі бала. Ал науқастардың 27-інен сальмонеллез анықталған.

Мұқан Егізбаев, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Қазіргі таңда ауруханада 89 ауру емін жалғастыруда. Түгел аурухана көлемінде дәрі-дәрмектермен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Аурулардың жағдайлары қазіргі таңда орта дәрежеде.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Осы жағдайдан соң өңірдегі барлық балмұздақ және жеңіл тағамдар әзірленетін орындарда түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Кәсіпкерлер палатасының дерегінше, Шымкентте елуден астам балмұздақ сататын  орын бар. Ал өрескел кемшіліктерге жол берген дүңгіршекке қатысты  қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер сотқа талап-арыз бергендерін мәлімдеді.

Айзада Төребекқызы