Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтардың банктерге қарызы 34 миллиард теңгеден асты

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2018
  • 2943

Қазақстанда "кредитомания" деген жаңа дерт пайда болды. Қазір кез-келген затты несие арқылы рәсімдеушілер көбейген. Есесіне оны дер кезінде қайтармайтындар да азаймай отыр. Бұл туралы Ұлттық Банк өкілдері айтты. Экономистер банктер қаржылық несиелік саятатты қатаңдату керек деп отыр. Аймақтағы тілшілеріміз мәселеге үңіліп көрді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбе облысының тұрғындары несие рәсімдеуден республика бойынша 3-ші орында тұр. Мәселен, былтыр өңірде 321 миллиард теңгеден асатын несие рәсімделіпті. "Бұл 2016-ыншы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 58 пайызға көп", - деді Ұлттық банктің аймақтағы өкілі.

Олардың дерегінше, өнеркәсіп, сауда және құрылыс салалары бойынша рәсімделетін несиелер артқан. Есесіне банктерге қайтарылмай отырған берешек көлемі де аз емес екен. 

Маркон Қуатбаева, ҚР Ұлттық банкі Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы:

Облыс бойынша несиелік берешектер 2017 жылдың желтоқсан айының соңында 312, 9 пайызды құрады. Оның ішінде 24 миллиард теңге мерзімі өткен берешектер болып саналады. Немесе барлық несиелік берешектердің 7 пайызын құрап отыр. Негізгі несиелік берешектердің ең үлкен үлесі, ең үлкені ұлттық валютадағы несиелік берешектер 6,7 пайызға көбейген.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Облыс тұрғындары үй салуға және пәтер сатып алу үшін банктердің көмегіне жиі жүгінетіні белгілі болып отыр. Соңғы бір жыл ішінде ипотекалық несиелер көлемі 81 пайызға артыпты. Басқа тұтынушылық мақсаттарға рәсімделген несиелер де 60 пайызға көбейген. Дәл біздегі жағдай көршілес Оралда қалай шешіліп жатыр? Еркін. 

Еркін Карин, тілші:

Ал оралдықтардың өткен үш айда банктерден алған несиесі 34 миллиард теңгеден асқан. Бұл былтырғымен салыстырғанда 36 пайызға көп,- деді аймақтағы Ұлттық банк өкілі. Ақтөбедегідей мұндағы тұрғындар да несиені үй сатып алуға, баспананы жөндеу жұмысына рәсімдейді. Ал тұтынушылық мақсатта берілген несие бұдан әлдеқайда көп болып шықты.

Еркебұлан Аханов, «ҚР Ұлттық Банкі» РМК БҚФ бөлім басшысы:

Халықтың мына кредитті төлем қабілеттілігінің артуы деп ойлаймыз. Себебі әл-ауқаты көтерілген сайын кредитті төлеу мүмкіндігі де көтеріледі. Мемлекеттің қаржылық құралдарымен қамту шараларының көбейтуімен де байланысты.

Бірақ жүзін де, есімін де жасырған мына кейіпкер, сіңілісін тұрмысқа беру үшін несие алудан басқа амалы болмағанын айтады. Оны екі жылдан бері төлеп келеді.

Бір жерде тұрғылықты жұмыс жасамасаң, зейнетақы салымдары болмаса, кредитті алудың өзі проблема. Алғаннан кейін төлеудің өзі проблема. Қосымша табатын табыстарың болмаса, кредит алуға тура келеді. Кредитсіз қазір, меніңше, өмір сүре алмайтын сияқтысың.

Еркін Карин, тілші:

Дегенмен алған несиесін қайтаруға асықпайтындар да баршылық екен. Олардың қарызы бүгінгі күні 8 миллиард теңгеден асыпты. Дегенмен сот орындаушылар 2000-шы жылдарға қарағанда тұтыншылардың банк алдындағы жауапкершілігі артқан деп отыр. Петропавлдағы сот орындаушыларды әріптесім Абзал тыңдап көрген еді. Абзал!

Абзал Құрманкин, тілші:

Иә, Еркін сот орындаушылар солай деді. 2016 жылы өңірде борышкерлердің саны 2500 мыңнан асып жығылған. Артынша үкімет ипотекалық ауға түскен адамдарға жеңілдетілген несие беріп, қара тізім 70 пайызға қысқарған болатын. Қалғандарының дені экспресс несие рәсімдеген. Дегенмен, соңғы кезде жұрттың банк алдындағы жауапкершілігі арта түсті, дейді жеке сот орындаушысы Анар Қарабалинова.

Анар Қарабалинова, жеке сот орындаушысы:

Егер 2006 жылы сот орындаушыларында 200 акт болса, 2010 жылы ол екі мыңға дейін артқан. Ол кезде тұрғындар несиені қайтару керектігіне онша мән бермеген еді. Қазір борышкерлердің қара тізімі көп нәрсеге шектеу қояды. Сондықтан бүгінде тұрғындардың көбі бұл тізімге енбеу үшін өзінің несиені қайтару қабілетін әбден пішкен соң ғана алады.

Адамдар жеңіл арманның кесірінен дағдарады. Борышкерлердің сана-сезімін зерттей келе, психолог Дмиртрий Агапов осындай тоқтамға келген. Табан астында бәр нәрсеге қызыққандар, көрпесіне қарай көсілмей, банк көмегіне жүгінетін көрінеді.

Дмитрий Агапов, психолог:

Мен несие алатындарды екі топқа бөлемін. Бірі кесіп-пішіп алса, екіншісі ойланбай алады. Соңғысының ойлау қабілеті 12 жастағы балаға ұқсас. Банк ұсынған қаражатты олар қажетсіз дүниеге жұмсап, кейін қарызды өтеу үшін тағы бір кредитке бел буады. Мен адамдардың бұл қылығын психикалық ауру ретінде көремін.

Абзал Құрманкин, тілші:

2018 жылдан бастап жеке сот орындаушылары мен банктердің арасында борышкерлердің ортақ базасы құрылды. Бұдан былай қара тізімге енген тұрғындардың барлық қаржылық операцияларына бірден тұсау салынады. Алматылық әріптесім байланыста. Ришат, сарапшылар не дейді?

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Иә, Абзал! Қазақстандағы франчайзинг қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, экономист Бекнұр Қисықов банктердің қаржылық кредиттік саясатын қатаңдатуды сұрайды. Әлбетте, кредит тауар өтімі үшін керек. Бірақ 2000 жылдары құрылған банк жанындағы кредиттік бюролардың жұмысы әлі шала, дейді ол. Ондағы мамандардың кәсіби деңгейін көтеру арқылы тұтынушылардың төлем қабілетін жіті тексеруге болар еді. Бірақ несие алушылар да қарапайым білімсіздіктен қаржы институттарына тәуелділігін доғарар емес.  

Бекнұр Қисықов, франчайзинг маманы, экономист:

Кредитті алдымен алайық, сосын көреміз ғой дейді. Бұл ақылсыздық деп ойлаймын. Ол кредиттің ақпараты, ликбезі  сол, адамдар - ол туралы білімі жоқтықтан тап болады. Қалай алу керек, есептеуі, бір жылда-екі жылда қалай қайтарады. Сондай шарттарға олар мән бермейді. Соның арқасында қарасаңыз, мына кредит алғандар қарыз болып жүр. Бір адамда үш-төрт кредитке дейін.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Банктер, әсіресе, қазір шағын кредит беру саясатын еркінсітіп алған. Дүкендермен екі жақты келісім негізінде құны қымбат емес тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек, жиһаз, тіпті ұсақ-түйек заттарға дейін тәуекелмен беріле береді. Бұл тұтынушыны да бұзады, дейді экономист.

Ришат Асқарбекұлы, Еркін Карин, Жақсыбек Кемал, Абзал Құрманкин