Русский Сайттың толық нұсқасы

Қытай АҚШ-қа қарсы сауда соғысында оңай берілмейді - ҚХР СІМ

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2018
  • 3767

Қытай АҚШ-пен арадағы сауда соғысында оңайлықпен беріспеуге мүдделі. Яғни «соңына дейін барамыз» деп белді бекем буып отыр. Бұл туралы Қытайдың сыртқы істер министрі хабарлады, - деп жазады Рейтерс. Екі алпауыт арасындағы сауда-саттық дауы Вашингтонның Қытайдан келетін тауарларға салықты қымбаттатуынан соң өршіп кеткен еді.  Дүниежүзілік сауда ұйымының хабарлауынша, ресми Бейжің «Вашингтонмен қосымша салық әрекеті жөнінде кеңес өткізуін сұраған». Қос тараптың бір байламға келуіне 60 күн уақыт беріліп отыр. Егер іс біржақты болмаса, онда ДСҰ сарапшылары араласуына тура келеді. Қытай АҚШ-тың бұл әрекеті сауда ұйымының талабына қайшы дегеннен тайынар емес.

Ван И, ҚХР сыртқы істер министрі:

Қытай мен АҚШ экономикасы бір-бірімен тығыз байланыста. АҚШ бұл әрекетімен шалыс басып отырғанын білмесе керек. Бізге сауда соғысының қажеті жоқ. Алайда қорқып бұғып қалмай, қажет болса, соңына дейін күресетінімізді мәлімдейміз. Құқымызды сақтау үшін кез-келген әрекетке барамыз. АҚШ-тың Қытайға сауда санкциясын салудағы мақсатының өзі дұрыс емес.

Вашингтонның да алған бетінен қайтар түрі жоқ сияқты. АҚШ Қытайға тағы да қосымша салық салуға ниетті екенін ескертті. Оның мөлшері кемінде 100 милиард долларды құрайды деп жоспарланған. Естеріңізге салсақ, теке-тіреске Дональд Трамптың Қытайдан келетін шойын темір мен алюминий импортына салықты 25 пайызға көтеруі себеп болған.