Русский Сайттың толық нұсқасы

Медицина саласында жоғары білім алған әр 4 жас маманның біреуі ғана осы салада қалады - Тоқаев

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2018
  • 3986

Қазастанда дәрігер мамандардың тапшылығы бір мәселе болса, кәсіби біліктілігін көтеру жайы - екінші мәселе. Сенатта өткен денсаулық сақтау саласы бойынша тыңдау кезінде палата төрағасы осы мәселеге назар аударды. Олқылықты жою мақсатында медициналық оқу орны түлектерінің салада қалуы үшін үгіт-насихат жүргізілуі керек. Әйтпесе кей өңірлерде маман жетіспеушілгі өткір проблемаға айналған. Мысалы, Ақтөбеде жылына 800 түлек дәрігер атанып, диплом алса, оның тек 80-і сол өңірде қалады. Әріптестеріміз осы мәселеге үңіліп көрген еді, алдымен астаналық тілшіміз Дәуренбек Бақдәулет сөз алады.

Медицина саласы қарқынды дамып, емханалар заманауи құрылғылармен жабдықталса да, оларды игеретін маман жетіспеушілігі салдарынан қымбат құралдар бос қаңтарылып тұр. Сондықтан Үкімет Президент ұсынған 5 әлеуметтік бастама аясында ақ халаттылардың да хал-ахуалын жақсартуы тиіс. Сенат төрағасы осылай деді. Оның пікірінше, салада маман жетіспеушілігі алаңдауға негіз болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Осы салада, әсіресе ауылды жерлерде байқалып отырған маман тапшылығы бізді алаңдатады. Олардың кәсіби дайындығы да сұрақ тудырады. Кейбір жекелеген сараптама нәтижесіне сай, медициналық ЖОО бітіруші түлектің әрбір төртіншісі ғана таңдаған маманы бойынша жұмыс істеуде.

Мұнан өзге Тоқаев  мемлекет есебінен қаржы бөлініп, тегін көрсетіліп отырған қызметтер бұқараға барынша нақты әрі түсінікті болса деді. Әйтпесе, халық білместікпен  үкімет тегін ұсынған кейбір қызмет пен дәрі-дәрмектерді өз ақшасына қайтадан сатып алады. Осылайша шығынға тап болады. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын күшейту керек.  «Медициналық сақтандыру» жайын да назардан  тыс қалдырмаған жөн. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Міндетті медициналық сақтандыруды енгізген кезде көптеген олқылыққа жол берілген болатын. Ендігіде бұл жұмыс тиісті деңгейде өтуі тиіс. Алдағы уақытта тыңғылықты дайындалып, туындауы мүмкін деген тәуекелдерге жол бермеу керек. Жұмыс тиісті деңгейде атқарылғанда ғана, денсаулық сақтау саласына тартылған инвестициялар өзін-өзі ақтайтын болады. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Сондай-ақ сенат спикері Bloomberg агенттігі рейтингінде денсаулық сақтау саласы бойынша жоғарғы сатыдан орын алған Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Испания сынды елдер денсаулық сақтау саласына біз ойлағандай қыруар қаржы құймайтынын ескертті. Олар ресурстарды тиімді бөлу нәтижесінде осындай деңгейге жетіп отырған көрінеді. Сондықтан бізде де бөлінетін қыруар қаржы тиімді жұмсалса деген ниетін жеткізді.  Ал Ақтөбеде маман жетіспеушілігі мәселесі бар ма? Бұл туралы әрептесім айтуға дайын. Жақсыбек, сөз өзіңде.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Иа Дауренбек, Ақтөбе облысында педиатр, акушер-гинеколог, невропатолог, анестезиолог-реаниматор сынды дәрігерлерге сұраныс жоғары. Өңірдегі емдеу мекемелеріне 70-тен аса дәрігер қажет екен. Бұл - облыстық денсаулық сақтау басқармасының бізге берген дерегі. 

Жергілікті ең ірі медициналық университеттердің бірі де осы аймақта орналасқан. Бүгін олар жас мамандарды жұмыс орындарына бөлу шараларын бастады.

Алғашқылардың бірі болып, Қызылорда, Қостанай облыстарының денсаулық сақтау салаларының өкілдері келіпті. Оқу орнын жазда 800-ден аса түлекке диплом ұстатпақшы. Олардың 80-і ғана ақтөбелік, сәйкесінше, қалғандары өз өңірлеріне аттанады, - дейді университет деканы.

Илона Дугужева, М. Оспанов атындағы БҚММУ түлегі:

Балалар хирургі ретінде Ақсай қаласына барамын. Ол жақта маған тиімді ұсыныс жасап отыр. Пәтер мәселесін шешуге, жақсы жалақы төлеуге уәде берді. Мен келісім бойынша ол жерде 2-3 жыл жұмыс істеймін. Одан кейінгісін көре жатармын.

Университеттің оқытушылары жас мамандарды бөлу кезінде олармен кеңесетіндерін айтады. Егер түлектер шалғай аудандар мен ауылдарға баруға келіскен жағдайда ғана, жолдамамен аттандырамыз, дейді. Жуырда қолына дипломын алатын ақтөбелік 80-ге жуық түлектің 30-ы баруға келіскен. Қалғаны облыс орталығында еңбек етеді деп жоспарланыпты.

Роза Нұрғалиева, М. Оспанов атындағы БҚММУ деканы:

Түлектеріміздің 90-95 пайызы жұмыспен қамтылады. Дегенмен олардың сол жерде ұзақ уақыт қалу-қалмауы - басқа мәселе. Кейбіріне жұмыс орнының талаптары ұнамай қалып жатады. Сонымен бірге  төленетін жалақыға көңілі толмайтындар да кездеседі. Дәрігерге бастысы - тәжірибе. Тәжірибелі дәрігерлер жерде қалмайды. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Медицина университетінің басшылығы түлектердің түгелге жуығына қазірдің өзінде жұмыс дайын деп отыр. Олар енді 1-ші тамыздан бастап жұмысқа кіріспекші. Өңірдегі дәрігер тапшылығы жойыла ма, жоқ па, ол содан кейін ғана белгілі болмақ. 

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ Жақсыбек КЕМАЛ