Русский Сайттың толық нұсқасы

Орал қаласының маңындағы елді мекен тұрғындарын еріген қар суы қинап отыр

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2018
  • 4320

Еріген қар суы оралдықтарды да әбігерге салды. Қазір қала іргесіндегі елді мекендерге су жайылып, көлік қатынасы қиындаған. Ал тұрғындар мектепте оқитын балалары үшін алаңдаулы. Өйткені кішкентай жеткіншектер суға толған сай-саланың біріне батып кете ме деп қорқады. Қиналған тұрғындармен тілдескен аймақтағы әріптесім Еркін Каринның бейнематериалы.

Бұл көрініс қазір қала іргесіндегі барлық елді мекендерге таныс жағдай. Еріген қар суы жан жаққа жайылып, айналадағы сай-сала лық толды. Әсіресе мектеп жасындағы балаларға ауыр тиіп отыр. Саз кешкен олар суға батып кетеміз бе деп те қорқады.

Әсіресе балаларға қиын сабақ оқитын. Көріп тұрсыз ғой... Үлкен кісілерге... Қатынас жоқ, мына жерден өте алмаймыз, терең. Баламызды үш күн бойы сабаққа әкелген жоқпыз. Бүгін тек әкелдік.

Бәленбай шақырым жерден жаяу келеміз. Онда маршруттың ақшасын азайтсын, 80 теңге төлегенімізбен, екі шақырым жаяу жүреміз. Су деген анау, көрмейсің бе? Суға кетіп жатырмыз. Балаларға қиын ал. Кеше түсіп кетті балалар, батып кетсе не істейміз?

Мына шетке дейін баттым. Басында тізеге дейін баттым, сосын мына жерге дейін баттым. Сосын мана бір қыз кетіп бара жатып, екі аяғымен бірге батып кетті. Сосын оны 7-кластың балалары көмектесіп, шығарып алды.

Күндіз-түні қызыл сумен алысқан коммуналдық мекемеге қазір құтқарушылар мен әскерилер, тіпті жазасын өтеушілер де көмекке келген. Күн жылынғалы бері арнайы техниканың күшімен 17 мың текше метр су сорылды. Бір тәуірі, үйлерге су кіру дерегі тіркелмеген.

Бақытжан Ихсанов, БҚО ТЖД бөлім бастығы:

Әлі күнге дейін жердің тоңы бар. Кеткен жоқ. Сондықтан қауіп бар. Егер де ауа райы күрт өзгеруіне байланысты жауын-шашын болса, күннің жылынуына байланысты қар бар жерлерде қар тез еріп, жауын-шашын жауған кезде қауіп бар деп ойлаймыз. Тасқала ауданында, Казталов ауданында қар көп әлі.

Еркін Карин, тілші:

Судың кесірінен қала шетіндегі ықшамаудандарға өте алмаған қоғамдық көліктер де бағытын өзгерткен. Екі ауданда еріген қар суы тас жолға жайылыпты. Төтеншеліктер, арқаны кеңге салатын уақыт емес, сондықтан, тасқын елді әлекке салмау үшін, қызыл судың алдын алуға барынша әрекет етуге көшкен.

Көктеммен бірге келетін  қызылсудың зардабын Қазақстанның бірқатар аймақтары тартып отырғаны белгілі. Осы мәселе  жан-жақты қамтылған бейнематериалды толығырақ ертең, сағат 20.00, «Біздің уақыт» бағдарламасынан  көре аласыздар. Өткізіп алмаңыздар.

Еркін КАРИН