Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада жер үйлерді су басты, ал көп қабатты үйлердің аулалары қоқысқа толы

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2018
  • 3436

Астаналықтар соңғы бірнеше күнде қызыл су мен қоқыстың әлегін тартып отыр. Қыстай жауған қалың қар еріп, одан аққан су халықты әбігерге салған. Әсіресе жеке секторда тұратындар белшесінен батпаққа батып жүруге мәжбүр. Күн жылынып, қардың жылдам еруінен шахардың қақ ортасындағы жеке үйлерге де су кірген. Жартылай апаттық жағдайда тұрған 3 бөлмелі мына үйді 6 адам паналап отыр. Көп балалы ананың айтуынша, үйін су басқалы бері 10 күннен асқан. 

Бибінұр Шоқанова, қала тұрғыны: 

Мына жерден бүкіл стена түсті. Құлады мына жерде. Мынау ашылды. Ішінен бүкіл құмдар шашылды. Мынаны тіреп ойдық істеп. Мынаны көрсеңіз, бәрі қисайып кетті. Міне мынандай тазикпен 5-6 сағат шығарып отырдым. Күндіз-түні осыны аңдып отырдым. Мына жерге су жайылып кетті. 

Шатырынан сорғалаған суды жас ана шелектеп тысқа шығарған. Кесірінен төбе қирап, үй іші дымқыл тартты. Жергілікті билік өкілдерінен көмек сұрағанмын, еш қайран болмады, - дейді шарасыз тұрғын. Елордадағы көп қабатты үйлердің аулалары да оңып тұрған жоқ. Қай тұсқа қарасаңыз да, су басқан алаңдар, үйілген күл-қоқыс пен батпақ. Мезі болған тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық тәртіптің сақталмайтынына шағымданады. Бұған жауапты мекемелердің көңіл аударуын сурайды. Тұрғын үй кешендерінің ауласындағы суды мердігер ұйым сорғылап үлгермей жатқан көрінеді.

Мақсат Саматұлы, Алматы ауданы әкімі өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:

Егер пәтер иелері кооперативі жұмыс істемеген жағдайда, әкімшілік жанында уәкілетті орган бар. Тұрғын үй инспекциясы басқармасы, қазір ол басқаша аталады. Халық сонда шағымданса болады немесе 109 нөміріне қоңырау шалуы керек. Онда нақты шаралар дер кезінде қолданылады.