Русский Сайттың толық нұсқасы

Қару-жарақтарды жоюмен айналысатын 180 маман жұмыссыз қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2018
  • 5404

Ескі қару-жарақтарды жоюмен айналысатын 180 маман жұмыссыз қалуы мүмкін. Олар Арыс және Отар стансаларында орналасқан учаскелерде еңбек етеді. Биыл қаруды жоюға тапсырыс болмапты. Салдарынан жұмысшылар ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Тақырыпты Дәуренбек Бақдәулет тарқатады. 

Қоймаларда екінші дүниежүзілік соғыстан бері сақтаулы тұрған қару-жарақтар бар. «Қазтехнологиялар» АҚ қорғаныс министрлігінің тапсырысымен, баланстан шыққан қарудың көзін жоюмен айналысады. Арыс пен Отардағы қос бригадада 180 маман еңбек етіп келген. Мұндағы жұмыс аса қауіпті болғандықтан, жаңа құрылғылар алынған. Алайда жыл басынан бері олар қаңтарылып тұр. Жұмыссыз қалған мамандар 4 айдан бері ең төменгі жалақыны қанағат тұтып келеді.

Ермұхан Мұхаммеджанов, техникалық қауіпсіздік жөніндегі бас маман:

15 мыңдай алдық қой өткенде, аванс деп. Жұмыс көлемі де жоқ, жұмыс толық тоқтап тұр қазір. Өндіріс болмаған соң, шетінен кетіп те жатыр, күн көру керек қой.

Алдын қорғаныс министрлігіне қараған компания кейін қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына өтеді. Ал негізгі тапсырыс қорғаныс министрлігінен беріледі. Себебі қоймадағы қару-жарақ солардың еншісінде. Аталған ведомствоға ресми хат жолдағанбыз. Жазбаша түрдегі жауапта, қару-жарақтың саны мен техникалық жағдайы туралы ақпараттың барлығы әскери құпия екені айтылған. Министрдің өзі бүгінде іріктеу жүріп жатқанын мәлімдеді

Сәкен Жасұзақов,  ҚР Қорғаныс министрі:

Біз олардың бәріне бере алмаймыз ғой, керегі жоқ қарудың бәрін бергенбіз, олар бәріне утилизация жасаған. Қазір біздің Қарулы күштерде іріктеу жүріп жатыр. Жылдың аяғында білеміз - қанша кем, қанша жетпейді дегенді. Соған қарап ендігі жылы тапсырыс береміз.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері қоймадағы ескі қарудан келер қауіп жоқ дейді. Алайда, мамандардың пікірінше, олай деп еркінсуге болмайды. Мысалы, 2001-ші жылы Тоқыраудағы ең үлкен қоймада өрт болды. Мұнан соң 2009-шы жылы Арыстағы қару-жарақ қоймасында жарылыс болып, қойма қызыл жалынға оранған еді. Жарақаттанғандармен қатар кісі өлімі тіркелген.

Вячеслав Котельников, «Қазтехнологиялар» АҚ қару-жарақ жою орталығы филиалының басшысы:

Олар баяғыдан бері қоймада тұр ғой, қауіп бар. Ресейде, Украинада, Түркменстанда, сондай-ақ біздің қоймаларда тұрған қару-жарақтардың жарылған кездері болған. Сондықтан қажет емес дүниеден құтылған дұрыс деп ойлаймын. Бұлай жалғаса берсе, жұмыскерлерді қысқартуға мәжбүр боламыз.

Ермұхан Мұхаммеджанов, техникалық қауіпсіздік жөніндегі бас маман:

Жұмысшылар күтіп отыр, жұмыс болатын шығар деп. Болатын шығар енді,

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

Осылай деген мекеме қызметкерлері келер жылғы тапсырысқа төрт көздері түгел жететіндеріне күмәнмен қарайды. Ал, тапсырыс болса да, білікті мамандар жұмыстан шығып кетсе, оны орындау қиын болуы мүмкін.  «Қазтехнологиялар» АҚ-ның Астанадағы басшылары қазір мәселені шешу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Деседе 4 айдан бері еш бір нәтиже болмаған.